- Негізгі бет
- Музыка
- Америкада тұратын қазақ...
Америкада тұратын қазақ қызы қаңтар оқиғасы жайлы ән шығарды
Қаңтар оқиғасы шетелде жүрген қандастарымызды да біраз уайымға салды. Өз қолдауы мен ойларын талантты қазақ жастары шығармашылық жұмыстары арқылы жеткізуде. Жақында Америкада тұратын Анар Өмірзақ қаңтар оқиғасына қатысты ән шығарып, бейнебаян түсірді.
Анар Өмірзақ бүгінде Вашингтон қаласында тұрады. Оның айтуынша, қаңтар оқиғасы сырттағы қазақтарға өте ауыр тиген. Тәуелсіздікке тікелей қауіп төнгенде елмен бірге бола алмаған отандастарымыз сырт мемлекетте жиі кездесіп, қатты алаңдағандарын айтады.
"Пандемия кезінде Қазақстандағы көптеген танымал адамдар, өнер, қоғам қайраткерлері де қайтыс болды. Сол кезде жұбату әнін шығардым. Осындағы және елдегі адамдарға жұбаныш болсыншы деп ойладым. Пандемиядан соң қаңтар оқиғасы болды. Сондықтан ән ғана емес, еліме, алыстағы халқыма көңіл айтқым келді. Көңіл айтуды, жұбатуды бейнебаян арқылы жеткізгім келді. қазағымды қолымнан келгенше жұбатып, дем бергім келді", - дейді Анар Өмірзақ.
Анар АҚШ-қа алғаш рет 18 жасында барған. Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетіне оқуға түскенмен, 1-курсында-ақ американың оқу грантын ұтып алыпты. Жолдың қашықтығына қарамастан екі мемлекеттегі оқу орындарында кезек оқып жүріп, қос университетті де бітіріп шыққан. Магистратура дипломын алған соң 2 eлдiң арасында жұмыс iстеп, кейін Вашингтон қаласында тұрақтаған. Оның айтуынша америкадағы қай салада болмасын бәсеке өте жоғары. Ал музыкант, әнші болу, фестивальдарға қатысып, өзіңді мойындату тіпті қиын дейді Анар.
"Патриоттық және лирикалық әндер жазамын. 18 жасымда ағылшын тілін еркін меңгерген соң, өлеңдерді сол тілде де жаза бастадым. 7 жасымнан бастап қазақ-орыс тілінде өлеңдер шығара бастадым. Әкем опера әншісі еді, он жасымда қайтыс болып кеткен. Атам да жырау болған. Өнер маған сол кісілерден дарыған шығар. Қазақ әдебиетіндегі фольклорды пайдаланып "Жұбату" әнін жаздым. Басқа әндердiң сөздерін де, музыкасын да өзім жаздым. Сонымен қоса Жандос Абильдиновтың бiрнеше әнін айттым. Аранжировкасын Qazaqstan, Латын Америкада және осы АҚШ-та тұратын музыкалық студияларға жасатамын. Вашингтонда, жалпы американың ірі қалаларында халықаралық ән фестивальдары жиі өтіп тұрады. Сол фестивальдарға қатысып, ән айтам", - дейді әнші.
Оның YouTube желісіндегі парақшасына күні кеше Димаш Құдайбергеннің орындауындағы "Қайран елім" әнінің ағылшын тіліндегі нұсқасы жарияланды. Айтуынша Димаштың фанаттары америкада өте көп. Алайда олар қазақ әншісінің орындауындағы әндердің мағынасын түсіне алмай қиналады.
"Димаштың осындағы барлық концерттерін арнайы барып көрдім. Оның америкадағы көптеген фанаттарымен жақсы таныспын. Олар Димаштың орындауындағы әндердің мағынасын түсінгілері келеді. Менің мақсатым америкалықтар Димаштың әндерін тыңдағанда мағынасын да бірден түсінетін мүмкіндік жасау еді. Дәл қазіргі жағдайда Димаштың бейбітшілік, отан туралы әндерін украиналықтар да қабылдай алады", - дейді Анар Өмірзақ.
Pop жанрында ән жазатын Анардың негізгі жұмысы бизнес консалтинг. Америкада сұранысқа ие бизнес-коуч атанып та үлгерген.
"Болашақта өзімнің YouTube парақшамды дамытсам деймін. Қазақ аудиториясына латын музыкасы қатты ұнайды. Танымал әндерді қазақ тіліне аударып, орындап, парақшаға жүктеуді қолға алып жатырмын. Қазақ аудиториясынан кері байланыс алғым келеді. Олар қалай қабылдайды, ұнай ма екенін білгім келеді"— дейді Анар.
Анарға тек шығармашылық табыс тілейміз!
Т. Есқали