"Алтын бесік" - "Қоңыр" тобының алғашқы әндерінің бірі

«Алтын бесік» әні халық сазын жаңғыртып жүрген «Қоңыр» тобының бағын ашты десек, артық болмас.

«Қоңыр» этно тобының орындауындағы «Алтын бесік» әні жазылған бойда тыңдармандардың ерекше сүйіспеншілігіне ие болды. Ән халық арасында кеңінен таралған соң, осы атпен «Қоңыр» тобының алғашқы күйтабағы жарыққа шығып, бейнебаян түсірілді. Туған жерге деген сағыныш сезіміне толы әннің мәтіні мен әуенінің авторы - ақын әрі сазгер Жәудір Артықбаева.

Автордың айтуы бойынша, ән ойда-жоқта өмірге келген. Жәудір Артықбаева жұбайы Мархабат Мықтыбековпен бірге («Қоңыр» тобының әншісі) қызмет бабы мен отбасылық жағдайларға байланысты туған өлкесінен жырақта орналасқан Алматы қаласына қоныс аударады. Күндердің күнінде Жәудір Артықбаева ауылды еске алып, балалық шағында түсірілген фотосуреттерге толы отбасылық альбомды ақтара отырып, туған бауырымен бірге түске фотосуретке көзі түседі. Фотосурет бала кездегі бейқам күндер мен ауыл өмірін еске түсіреді. Жүрегін туған өлкеге деген ыстық ықылас пен сағыныш сезімдері кернеген сазгер әуелі әннің әуенін дүниеге әкеледі. Кейін өткен күндерге көз жүгіртіп, алыстағы ата-ана, бауырларын аңсап, ән сөзін жазады.

«Алтын бесік» әнінің алғашқы орындаушысы - автордың жолдасы әнші Мархабат Мықтыбеков болды. Әу баста, ол әнді домбыра сүйемелдеуімен жеке орындауда айтып жүрді.

Кейін Сержан Молдасанұлының ықпалымен «Қоңыр» этно тобы құрылды. «Алтын бесік» әні жаңа топтың репертуарынан орын алды. Ән бірден халықтың ерекше пейіліне бөленіп, үлкен сұранысқа ие болды. Арада біраз уақыт өткен соң, «Алтын бесік» әніне бейнебаян түсірілді. Бейнебаянда ауылдың тыныс-тіршілігі, бітім-болмысы, алаңсыз балалық шақ бейнеленеді.

Алтын бесік

Әні мен сөзін жазған Жәудір Артықбаева

Орындаушысы «Қоңыр» этно тобы

 

Шөбі майса, жұрты жайсаң, туып, кіндік кескен жер,

Жаңбыр жауса лай-батпағын жалаңаяқ кешкен жер.

Алқам-салқам қой қайырып, тай құлынмен ілескен жер,

Қарның тойса, құрбыңды аңдып қайғы көрмей өскен жер.

Қайырмасы:

Жұмақ мекен туған жер-ай,

Мың жаялық жуған жер.

Құрт ұрлатқан қалтадан, беу,

Шын балалық думанды ел.

 

Көше бойлап, асық ойнап,, мәре-сәре болған жер,

Көже қайнап, көзім жайнап кеудем нұрға толған жер.

Жантақ, тікен қаптаса да, бұл – мен үшін орманды ел,

Көп армандап сол орманға бала қиял қонған жер.

 

Қайырмасы:

Жұмақ мекен туған жер-ай,

Мың жаялық жуған жер.

Құрт ұрлатқан қалтадан, беу,

Шын балалық думанды ел.

Құр қалдым деп дүмбілден,

Қуаласып жүгірген.

Қайран, қамсыз бала күнің,

Қайрылмасын кім білген?

 

Жер аударып, арықты алып, ұрық, дәнек сепкен жер,

Бел аңғарға шабыттанып құрық салып кеткен жер.

Тұңғиыққа малти алмай, жүзсек сүңгіп шөккен жер,

Әуре-сарсаң, әбігер боп, әткеншегін тепкен жер.

 

Суреттер: kaz-patriot.kz

  writeFlash({"src":"https://www.youtube.com/v/s2fnDArg5Ks?version=3&hl=ru_RU","width":"450","height":"330"});