Астана Операда қазіргі ысқылы аспаптардың ішіндегі ең көнесі альтке арналған музыкалық кеш өтпек. Альт бенефисі концерті 15 тамыз күні Камералық зал сахнасында қойылады. Концертке келесі құрамдағы ішекті аспаптар квинтеті қатысады: Қаламқас Жұмабаева, Нәзікгүл Жаңазарова (скрипка), Жанар Ахатова (альт), Курванжан Ахатов (виолончель), Олжас Домашев (контрабас), сонымен бірге Карина Измайлова (фортепиано), Жәнібек Бекмәдиев (соқпалы). Солист Павел Романенко (альт). Альт жуан, қоңыр, қанық тембрге ие ішекті ысқылы музыкалық аспап. Ол өлшемі жағынан скрипкадан үлкенірек және төмен әрі терең дыбысталуымен ерекшеленеді. Альт негізінен симфониялық және ішекті аспаптар оркестрі аясында қолданылады. Альт ішекті аспаптар квартетінің міндетті қатысушысы, ішекті аспаптар триосы, фортепианолық квартет, фортепианолық квинтет т.б. тәрізді камералық құрамдарда жиі пайдаланылады. Бұдан бөлек, альт жеке аспап ретінде де қолданылады. Альтке арналған шығармалардың көбі ХХ ғасырдың екінші жартысында жазылған. Бұл кеште бароккодан қазіргі заманға дейінгі түрлі дәуір композиторларының шығармалары шырқалмақ. Қанық та мазмұнды бағдарламаға Ф. Шуберт, Ю. Хальворсен, Б. Барток, Б. Баяхунов, Е. Брусиловский, Д. Табакова, А. Пярт, А. Пьяцолла, Р. Молинеллидің туындылары енді.