"Жаңа толқын-2014" байқауында оныншы орынды иеленген Әлішер Каримовтың продюсері Алтынбек Рақметов орындаушының Қазақстан атынан жоғары деңгейде, лайықты өнер көрсеткендігін айтты, - деп хабарлайды massaget.kz тілшісі.
Әншінің продюсері ұйымдастырушылар байқау алдындағы дайындық кезінде Әлішердің әнін, биін, киімін өзгертіп тастаса да, Әлішер еш мойымай, жоғары деңгейде өнер көрсеткендігін айтты. "Әрине, біздің де көптеген тұстармен келіспеген кездеріміз болды. Бірақ байқауға қатысар алдында біз барлық талаптарды орындаймыз деген келісімшартқа қол қойған болатынбыз. Сол себепті олар не десе де айтқандарын істедік. Болмаған жағдайда ірі көлемде айыппұл төлейтін едік",- дейді продюсер.
Продюсердің айтуынша, көптеген әншілерге негізсіз жоғары балл берілген. Мұны музыкадан хабары бар кез келген адам байқауы тиіс. Әлішерге Николай Басков, Любовь Успенская, Тамара Гвердцители, Лера Кудрявцева, Артур Гаспарян өз қолдауларын білдіріп, оның жоғары деңгейде өнер көрсетіп жатқандығын баса айтқан. Барлық келеңсіздіктерге қарамастан әнші продюсері байқаудың режиссері Александр Давидович Ревзинге еш ренжімейтінін және оның 35 жылғы тәжірибесі бар мықты режиссер, нағыз маман екенін атап өтті. "Мен тіпті одан үйренерім көп болды. Осы байқау аясында тіпті бір университет бітіріп келгендей болдым. Байқау аяқталған соң да біз қол алысып, жақсы қоштасып қайттық", - дейді Алтынбек Рақметов. Сонымен қатар, әнші мен продюсер мұның бәрін ақталу үшін емес, халыққа қалай бар, солай жеткізгілері келгені үшін айтып отырғандарын мәлімдеді.
Естеріңізге сала кетейік, Әлішер Каримов "Жаңа толқын-2014" халықаралық жас орындаушылар музыкалық байқауына қатысып, оныншы орынды иеленген еді. Байқаудағы сәтсіздігіне ол репертуарына ұйымдастырушылардың араласқаныны себеп болды деп пікір білдірді.
Сурет: Анар Мұстафина
Дайындаған: Анар Мұстафина