Күні кеше ғана талантты жас әнші, қалың көрермендердің көзайымына айналған отандасымыз Димаш Құдайбергенов "Азияның ең танымал әншісі" атанды. Осынау марапат әншінің ең үлкен жүлдесі деп білеміз. Оны қолдауға әкесі Қанат Айтбаев Қазақстаннан арнайы барған.
Әншінің PR-менеджері әрі досы Алпамыс Шаримов өзінің инстаграм әлеуметтік желісіндегі парақшасына досының мараппаттау барысындағы бір суретіне қатысты ойын білдірді. Ол: "Кім байқады!? Әдейі емес, бұл – кездейсоқ түсірілген сурет! Басылымдарға да жария болған сурет!!! Осындай премиялардың жүзін көрдім, мықтылардың мықтысы саxнаға шығып қуанған сәтте ұтқан жүлдесін (статуэтка) сыйлығын биікке көтеретін еді... Біздің Димаштың оң қолындағы микрофоны одан да биік тұр!!! Қуанғаннан мүмкін тым философ болып кеткен шығармын, бәлкім! Бірақ, сол қолындағы жүрек тұсындағы марапаты, оң қолындағы биікке көтерілген микрофоны болмаса келмес те еді... Алланың құдіреті дер ем бұл суретті! Бұл белгі... Қаншама қуанғанымен ненің қадірі биік екенін ұмытпауымыз керек дегендей сыр кешеді бұл сурет!", - деп жазды.
Айта кетелік, Димаш марапаттау рәсімінде "SOS d'un terrien en détresse" әнін орындады. Сондай-ақ "I am singer" ән байқауының 10-кезеңінде өзінің "Ұмытылмас күн" атты әнін қазақ және қытай тілдерінде шырқап, 3-орын алды. Жалпы есеп бойынша жоғары ұпай жинап, бірден финалға өтті.