- Негізгі бет
- Музыка
- Алматының басты әні...
Алматының басты әні ағылшын тілінде шырқалмақ
"Алматым жүрегімде" атты ән байқауының жеңімпазы мен қаланың басты әні белгілі болды, деп хабарлайды tengrinews.kz тілшісі.
Қала туралы ең үздік әнді орындағаны үшін Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов Күміс Базарбаеваға SsangYong Action автокөлігінің кілтін табыстады. 24 жасар опера әншісі, модель қыз өзінің авторлық "Almaty" әнін рок стилінде және ағылшын тілінде орындады. «Егер біз Алматыны шетел жұртшылығы да білгенін қаласақ, қаланың әнұраны міндетті түрде ағылшын тілінде болуы тиіс», - деп есептейді әнші.
Әділқазылар алқасы қала әнұраны атағына бақ сынасқан басқа да әншілердің авторлық шығармаларын елеусіз қалдырған жоқ. 26 жастағы Жібек Карманова есімді әнші өзінің «Алматы» атты әнімен де ерекше ықыласқа ие болды. NG тобы өздерінің композициялық әндерімен екінші орынды еншілесе, «Алматым жүрегімде» деген әнмен «Асыл» тобы үшінші орыннан төбе көрсетті.
Байқауға 33 орындаушы қатысқан болатын. Солардың ішінен ақтық мәреге 16 әнші суырылып шықты. Олардың ішінде әлеуметтік желілерде әлі келгенше танылып жүрген Сон Паскаль да жоқ емес. Ол Луинамен дуэт болып орыс тілінде «Город-мечта» деген әнді шырқады. "Біз осы байқауға арнап арнайы "Алматым жүрегімде" деген ән жаздырдық", - деді Паскальдың продюсері Жомарт Сүлейменов.
Байқаудың әділетті төрелерінің арасында Наджиб, Вильданов, Нұрлан Қаражігітов, Айгүл Мүкей, Аида Кауменова, Жәмила Аимбетова, Медеу Арынбаев және Айдос Сағаттар болды. Қазылар барынша әншінің дарыны мен әннің көркемділігіне көңіл аударғандарын айтты.
«Ел Арна» телеарнасының директоры Айгүл Мүкей: "Егер жаңадан белгілі болған қаланың әнұранына бейнебаян түсірілсе, неге арнадан көрсетпеске?" - деп жеңімпаздың төбесін көкке жеткізді.
Ал Алматы, құтты болсын жаңа әнің!
Дайындаған: Ақерке Әбілхан
Сурет: gotowall.com
А. Әбілхан