Осыдан 2 жыл бұрын біздің арамыздан қазақ музыка өнерінің майталманы, танымал әнші Батырхан Шүкенов бақи дүниеге аттанды. Тоқтаусыз зымыраған айлар мен жылжыған жылдар өтсе де, қазақ елі өз ұлын ешқашан ұмытпайды. Өйткені, Батырханның орны ерек еді...
Әнші тек қана Қазақстанда ғана емес, Ресейде де кеңінен танымал болды. Ол жаны ақын секілді талғамы өте биік әнші еді. Әнші әйгілі "А'Студио" тобымен 13 жыл бірге болған. Топтан кеткеннен кейін 2000 жылдан бастап әндерін жеке орындауға шешім қабылдайды.
Ол өзінің саналы ғұмырын музыкаға арнап, жанының рахаты үшін һәм тыңдарманның жан рахаты үшін ән шырқады. Көпшілік көрермен оны тек талантты әнші ретінде емес, керемет саксафоншы ретінде де жүрегінде сақтары сөзсіз. Көзі тірісінде 5 альбомы жарық көрді:
"Отан ана" – 2002 жылы
"Батыр Live" – 2007 жылы
"Осторожно, милая девушка!" – 2010 жылы
"Всё пройдёт..." – 2010 жылы
"Душа" – 2013 жылы.
Әншінің ең соңғы әні – "Мне поможет весна"
Ал, ең соңғы клипі – "Незнакомка". Батырханның өзі туралы, өнер туралы айтқандарына тоқталып өтейік.
"Мен кәсіби вокалды ешқашан оқып-үйренбегенмін. Мен үшін ол әр уақыттағы хоббиім мен әуесім болды".
"Менің музыка әлеміндегі 30 жылым – көбіне жолда жүріп, ұшаққа мініп, өнерімізді көрсету үшін ел-жер кезумен өтті. Мұның өзі менің қанымда көшпенділердің гені бары екенін байқатса керек-ті".
"Шынымды айтсам, маған жүйке жұқартатын, қаншама жүк арқалатып салмақ түсіретін байқаулар ұнамайды. Бірақ мұндай сәттер адамның жеке әлемінен шығуына түрткі болады. Бұл енді маған ұнайды".
"Қайырымдылық – адамның азаматтық ұстанымы мен жүрегінің қалауы. Ол үшін сені ешкім қинамайды да, ол өзіңнің санаң мен түсінігіңе байланысты істелетін шара. Ал маған келсек, менің ұстанымым – мейлі өз өнеріммен болсын немесе басқа да жолмен болсын, мүмкіндігінше адамдарға көмектесу".
"Біреу «жүректе сақтау – алғыс білдірумен бірдей» деп айтқан екен. Өмір атты ұзақ жолда менің адам болып, композитор болып қалыптасуыма көмектескен жандардың әрбір сөзін, ісін, кеңестерін мәңгілік жадымда сақтаймын".
Әнші бүгін тірі болса 55 жасқа келер еді. Амал нешік, маңдайға жазылған тағдырдан аттаған ешкім жоқ. Ол жүрген өзінің сүйікті қаласы Алматының әр көшесі көктем келген сайын бір мұңаятындай... 2015 жылы 8 желтоқсанда Алматыдағы Республика сарайында Батырхан Шүкеновті еске алу кеші өтті. Үш сағатқа созылған концертте қазақстандық және ресейлік эстрада жұлдыздары Шүкеновтің әндерін орындады.