Алатау баурайында бой көтерген әсем қала Алматы туралы жырламаған ақын, әуенге қоспаған сазгер жоқ шығар. Талай жандардың шаттығы мен қуанышына куә болған Алматыға арналған әндердің бірі - «Алматым менің». Бұл әннің авторы сазгер Мансұр Сағатов, ал сөзін ақын Нұрсұлтан Әлімқұлов жазған.
Сазгер Мансұр Сағатов
Ән табан асты дүниеге келген әндердің қатарына жатады. 1972 жылы жазылған. Жаңа Жыл мерекесі қарсаңында сазгер, жары Халила мен екі жасар ұлы Айдос (әнші Айдос Сағатов) үшеуі Алматыдағы Төлебаев көшесінің бойымен қыдырып келе жатады. Кешқұрым уақыт. Айнала ақ қарға оранған. Жары мен ұлы қар ойнап, сырғанақ теуіп жатады. Ал сазгер болса, нағыз өнер иесі ретінде ары-бері жаяу жүріп, ыңылдап келе жатады. Бір кезде жарына: «Тезірек үйге қайттық! Мен мынаны жазып алуым керек, болмаса есімнен шығып кетеді» деп дереу үй жаққа қарай беттейді. Үй табалдырығын аттаған бойда сазгер бірден күйсандыққа отырып, әсем әуенді дүниеге әкеледі. Телефон тұтқасын алып, ақын досы Нұрсұлтан Әлімқұловқа хабарласады. «Нүке, менде жаңа әуен шықты. Бұл әнді Алматыға арнағым келеді. Мәтін осыған байланысты болу керек» деп ақын-досына өлең жазып беруін сұрайды. Әңгіме соңында ол: «Арасында «Қыз Жібек пен Баяндай» деген сөздер болуы керек» деп айтады. Көп ұзамай мәтін дайын болып, «Алматым менің» әні дүниеге келеді.
Ақын Нұрсұлтан Әлімқұлов
Мансұр Сағатов дәл сол кезде радиода бас редактор қызметін атқарған. Әнді Александр Гурьянов басқарған эстрада-симфониялық оркестр сүйемелдеуімен сол кезде жаңадан танылып келе жатқан жас әнші Ескендір Хасанғалиев орындайды. Сазгер мен әнші жерлес бауырлар, бұрыннан бері жақсы достар әрі әріптестер болатын. Бір күні сазгер Ескендір Хасанғалиевтің кабинетіне келіп, пианино сүйемелдеуімен жаңа әнді орындап береді. Әншіге бұл ән қатты ұнағаны соншалықты, сазгерден әдемі әннің алғашқы орындаушысы болайын деп өзі ниет білдіреді. Көп ұзамай ән жазылып, радиодан беріле бастайды. Халық жаңа әнді жылы қабылдайды. Кейін ән мәтінінің орысша нұсқасын ақын Георгий Брегин жазады. Әннің орыс тіліндегі нұсқасын тұңғыш болып Лаки Кесоглу орындайды.
Әнші-сазгер Ескендір Хасанғалиев
КСРО құрылғанына 50 жыл толуына орай бүкілодақтық туған өлкеге арнау ән-жырлар байқауы жарияланады. Әділқазылар «Алматы менің» әнін жоғары бағалап, 1973 жылдың 11 қаңтарында Мәскеу қаласында «Алматым менің» әніне жазылған сөзі үшін Нұрсұлтан Әлімқұловты құрмет грамотасымен марапаттайды.
Әнші Лаки Кесоглу
Туған жерге арналған «Алматым менің» әуезді әні 70-80 жылдардағы Алматыны бейнелейтіндей. Қырық жыл бұрын жазылған әнді қалың көпшілік кімнің орындауында болмасын әлі күнге ерекше сүйіп тыңдайды.
Алматым менің
Әнін жазған: Мансұр Сағатов
Сөзін жазған: Нұрсұлтан Әлімқұлов
Алматымда тұр алаулап,
Алтын нұры айдың.
Жүрдің бе сен тамашалап,
Көшесінде Абайдың.
Қ а й ы р м а с ы:
Алматының бағы қандай,
Алмасының дәмі балдай.
Алма дидар арулар,
Қыз Жібек пен Баяндай.
Көктөбеде ақ отау бар,
Саясында Арман.
Бұлттан асқан Алатау бар,
Мұз бен гүлден жаралған.
Қ а й ы р м а с ы:
Алматының кеші қандай,
Алатаудың төсі қандай.
Күн қала бұл, Ай қала,
Аймала жел, аймала.
Қ а й ы р м а с ы:
Өстім сенде жарқын таңда,
Жастық отын жағып.
Мен есейіп марқайсам да,
Сен өсе бер жасарып.
Қ а й ы р м а с ы:
Алматының бағы қандай,
Алмасының дәмі балдай.
Аспанынан арайлы,
Алтын сәуле тарайды.
"Моя Алма-Ата"
Орыс тіліндегі мәтін авторы: Георгий Брейгин
Город родной, словно ковер,
Лег у подножья гор.
Как хорошо дышится мне
С Алма-Атой наедине.
Под голубым небосводом
Пахнут сады свежим медом,
Ветер колышет цветы
Юной моей Алма-Аты.
Мирных небес синий шатер
Лег на ладони гор.
Там обнялись лед и цветы,
Ели глядят с высоты.
Тихим крылом машет вечер,
Горы во тьму прячут плечи.
Летним теплом залита,
Спи до утра Алма-Ата.
Город родной, всею судьбой
Я навсегда с тобой.
Пусть надо мной мчатся года -
Ты молодым будь всегда.
В окна твоит смотрят зори,
Дышат сады, словно море,
Вечна твоя красота,
Город весны Алма-Ата
Суреттер: kazpravda.kz, meloman.kz