- Негізгі бет
- Музыка
- Алматыға қытай скрипкашысы...
Алматыға қытай скрипкашысы Менгла Хуанг қонақ болады
Алматыда өтетін "Оркестрлер парады" музыкалық фестивалінде қытайлық скрипкашы Менгла Хуанг пен әлемдік хит Luna-ның орындаушысы итальяндық тенор Алессандро Сафина өнер көрсететін болады. Бұл туралы Massaget.kz тілшісі шараның ұйымдастырушысы Eventica компаниясына сілтеме жасай отырып хабарлады.
Классикалық музыка кештері қыркүйектің 6-8 күндері Республика сарайының алдындағы алаңда өтпек. Жиынға шет ел қонақтарынан бөлек Құрманғазы атындағы "Отырар сазы" Қазақ академиялық фольклорлық-этнографиялық оркестрі, Құрманғазы атындағы академиялық ұлттық аспаптар оркестрі, Жамбыл атындағы Мемлекеттік академиялық симфониялық оркестр, MEZZO вокалдық тобы, Мемлекеттік үрмелі аспаптар оркестрі қатысады. Көрермендер, сонымен қатар, опералық әнші Сүндет Байғожин, дирижер Денис Марьев, әнші Ирина Левина мен Сон Паскальдің өнерін тамашалай алады.
Айта кетелік, "Оркестрлер парады" фестивалі осымен үшінші рет өткізілейін деп отыр. Ұйымдастырушылардың айтуынша, биылғы шара бұрынғылардан өзгеше болады. "Алдыңғы жылдары фестивальді қалалық әкімшілік жалғыз ұйымдастырып келді. Бірақ осы жылы ұйымдастыру жұмыстарына біз де тартылдық. Осы орайда біз шараға басқаша рең беріп, жастардың классикалық музыкаға қызығушылығын оятуды мақсат етіп отырмыз", - деді фестиваль ұйымдастырушысы Марат Омаров.
2012 жылғы "Оркестрлер парадының" тағы бір ерекшелігі билеттердің сатылатындығы. Кешті ыңғайланып отырып көргісі келген кез келген жан 1000 теңгеге билет сатып алып, дайындалатын арнайы орындарға отырып тамашалай алады. Концертті тұрып тамашалағысы келген тыңдармандардан ешқандай төлем талап етілмейді. Марат Омаров бұл туралы: "Осы қадам арқылы біз арнайы қор ашып, жиылған қаржыны сонда жинауды мақсат тұтамыз. Көрермендерден түскен ақша келесі жылдардағы шығынға жұмсалатын болады", - деп сұхбат берді.
Қытайлық скрипкашы Менгла Хуанг
Дайындаған: Еркебұлан Қайрахан
сурет: gdefon.ru