Алматыда "Үркер" тобының 25 жылдық ән кеші өтті

Алматыда "Үркер" тобының 25 жылдық ән кеші өтті
Фото: Maxim Zolotukhin

Биыл отандық музыка индустриясының бірегей музыканттары "Үркер" тобына 25 жыл толды. Соған орай 1 қараша күні Алматыдағы Республика Сарайында топ өзінің мерейтойлық концертін өткізді.

Концертте "Үркер" тобымен бірге Мақсат Медеубек, Серік Нұрмолдаев, Нұрлан Албан, Парвиз Назаров, Жәмилә Серкебаева сынды замандас әртістер өнер көрсетті.

Концертке жиналған қауымға 90-жылдары шыққан "Жаным", "Туған елім", "Сәулем-ай", "Наурыз", "Әсел" сияқты  танымал әндермен бірге "Үркердің" жаңа туындылары да ұсынылды. Ал Үкілі Ыбырайдың "Қараторғай", Абайдың "Көзімнің қарасы" әндерінің ерекше өңдеуі концерт атмосферасына айрықша өң берді.


Серік Нұрмолдаев, "Тұран" фольклорлы-этнографиялық ансамблінің мүшесі: "Үркер" тобының біраз әні этно-музыканың түрлі нәрін бойына сіңірген ерекше әндер. Бірден қазақ әні деп ажыратып тануға болады. Сонымен бірге бәрі де жаңашыл, лирикалық әрі қуатты әндер. 25 жыл бойы топты сақтап тұру оңай емес. Бұл кәсібиліктің биік деңгейі. "Үркер" жасай берсін.

Еркежан, тыңдарман: "Үркер" тобының әндерінде ғажайып әуез бар, жүрек түкпіріне бойлай алатын тылсым нақыш бар. Өйткені әндер жүрекпен жазылып, орындалады. Оған бүгінгі  кеште тағы да куә болдық.

Назерке, тыңдарман: Мен үшін "Үркер" – қазақ музыкасының феномені. Өйткені Айдос Сағатовтың нәзік, сазды дауысын тұтас бір буын тыңдап өсті. Ең танымал хиттарын қосып қалсаңыз, екінің бірі танитынына сенімдімін. Концертке "Жаным", "Махаббат әні", "Сәулем-ай" әндері үшін бардым, бірақ өзге де жаңа әндер мен мың түрлі әуендер шеруіне қанық болдым. "Үркер" тобына шығармашылық табыс және өз биігінде қалуын, музыкада одан әрі өрлей беруін тілеймін.


 

Концертте топ солисі Айдос Сағатов әкесі Мансұр Сағатовтың "Алматым менің" әнін жаңа өңдеуде орындап, Алматы қаласына деген ықыласын музыка тілімен жеткізді. 

"Тыңдармандар көптен бері Алматыда "Үркердің" үлкен концертін күтіп жүрген. Бұл топтың 25 жылдық мерейтойна сай келді. Біз Қазақстанның және әлемнің үлкенді-кішілі залдарында концерт жасап жүрдік, бірақ Республика Сарайында тұңғыш рет концерт қойдық. Зал әдеттегідей өте жылы қарсы алды, келіп біздің музыкалық тартуымызға куә болған барлық тыңдарманға топ атынан алғыс білдіремін", – деді топтың жетекші мүшесі Айдос Сағатов.

Massaget.kz