- Негізгі бет
- Музыка
- Алматыда "Тәңір рухы...
Алматыда "Тәңір рухы – Спирит оф Тенгри" фестивалі дүниеге келді
Менің бір ерекше досым бар. Өзінің есімі де ерекше – Жоңғар. Менің досым туылғанда, әкесінің ағасы Әбілтай Жоңғар Алатауында кино түсіріп жүр екен, сондықтан ағасы жаңа туған нәрестеге Жоңғар деп ат беріпті. Бірде маған досым былай деді:
- Мен өз атымды өзгертпек ойдамын.
- Неге?!
- Өзің ойлап көрші, тарихымызда жоңғар шапқыншылығы болғанына байланысты менің ұлдарымды кейін балалар мазақ етуі мүмкін ғой.
Мен қазақ есімдері жөнінде кітап жазып жүргендіктен, «Жоңғар» ғұн сөзі екенін, мағынасы әскердің бір қапталы деген мағынаны білдіретінін білетінмін. Біз сақтар мен ғұндардың ұрпақтары болғандықтан, бұл сөз бізге жат емес екенін айттым.
Қазір менің досымды көпшілік Жан деп атап кеткен.
Ал ол несімен ерекше дейсіздер ғой? Менің досым – өте ұлтжанды жігіт. Қазақ мәдениеті десе, ішкен асын жерге қоятындардың бірі. Өзі әрдайым ізденісте жүреді. Біраз уақыттан бері түрлі елдерде тұрып жатқан түркі халықтарының дәстүрлі орындаушыларымен хабарласып жүрді. Досымның осы бір әрекеті «ТӘҢІР РУХЫ – СПИРИТ ОФ ТЕНГРИ» атты үлкен халықаралық фестивальдің пайда болуына мұрындық болды.
Тенгри ФМ радиосы ұжымы ұйымдастырған осынау өнер мерекесі 8 маусым күні Алматы қаласының Мега сауда орталығының жанында өтті. Міне, фестиваль шымылдығын белгілі музыкант Руслан Қара бастаған қазақстандық «Роксанаки» тобы ашты. Олардың орындаған әні бүгінде естіліп жүрген эстрадалық әндерден тіптен басқаша екені бірден байқалды. Жиналғандарды алапат бір рухани күш баурап алды. Содан соң өнер додасына қатысуға алыстан ат арылтып келген әншілер: якутиялық Юлиана Саха кызы, алтайлық Болот Байрыш, қырғыз қызы Гүлзада, башқұрстандық «Арғымақ», бурятиялық «Намгар», тывалық «Саинхо», таулы шорлық «Чылтыс» сахнаға шығып, өз өнерлерін көпшілікке ұсынды. Шаңырақ иелері қазақстандық «Алдаспан», «Роксонаки» топтарымен қатар, қазақ қыздары Ная мен Қорлан да өз өнерлерін ортаға салды.
Жиналған көп көрерменнің арасында қазақ ұлттық фольклорының пайда болу жолын зерттеуге бүкіл өмірін бағыштаған ғалым Едіге Тұрсын ағамыз, Лондон қаласында атақты «Битлз» тобы өз күйтабақтарын жаздырған «Эбби роуд» дыбыс жазу студиясында қазақстандық «Мэджик оф номад» тобының күйтабағын жаздыруға меценаттық көмек көрсеткен Ерлан Стамбеков сынды елімізге белгілі азаматтар да болды.
Фестиваль шымылдығын ашысымен, бүкіл аймақты ерекше бір рух жайлап алғандай болды. Әсіресе, Юлиана Саха кызы түркілердің ежелгі сиқырлы музыкалық аспабы шаңқобызды сөйлеткенде, бүкіл дүние айналып жүре берді. Жақын жерлердегі көп қабатты үйлер аласарып, Алатау бұрынғыдан да биіктей түскендей.
Түркі тектес халықтарға ортақ қурай аспабы башқұрт халық әндерін мың құбылтты. Бірнеше әннен соң, башқұрттық музыкалық топтың жетекшісі «Біздің түп-тамырымыз бір, сіздерде де бізде де «Қара жорға» деген музыкалық шығарма бар. Енді біздің «Қара жорғаны» қабыл алыңыздар» дегенде, көрмендер теңіздей толқып кетті. Сахна алдында көптеген көрермендер билей жөнелді.
Сағат жетіде басталған осы бір өнер құбылысының әсері өте күшті болғаны соншалық, қараңғылықтың қалай түскені де байқалмады. Себебі сахнадағы халық өнерін көрсетушілер көрермендердің көкірегіндегі жарықты жаға білді. Халық аспаптары шығарып жатқан дыбыстар - байғыз бен аққу құстардың қиқулағаны, қасқырдың ұлуы, тұлпарлар тұяғының дүбірі, бәрі-бәрі көрермендерді елітіп, сиқырлы әлемге әкетіп жатқандай еді...
Түрлі ұлт өкілдері түркі тектес халықтардың байырғы өнерін өздерінікіндей қабылдауы әрі таңдандырды, әрі заңды да еді. Жарқын жаздың күніндей өнер мерекесі көрермендер жүрегінде керемет сезімдерді ұялатты.
Қасымда тұрған бір қыздың:
- Әр демалыс күні осындай мереке болып жатса ғой! - деп тамсана айтқан сөзін естідім.
Өз кезегімде:
- Алматының жаңбырын қайтеміз? - деп сұрақ қойдым.
- Алматының жаңбыры жылы ғой, - деп жауап берді әлгі қыз.
Иә, Алматының жаңбыры шынында да жылы. Адамдардың көңілі сияқты. Мен бұған қатты қуандым. Әсіресе досым үшін қуанышты едім. Қазақта «Ата көрген оқ жонар» деген сөз бар. Қазақтың ұлы суретшісі Әбілхан Қастейұлының немересі Жоңғар атасының жолымен жүріп келе жатқанына қуандым.
Автор: Бердалы Оспан
Дайындаған: Еркебұлан Қайрахан
Суреттер: ©Сания Аринова, facebook.com
Massaget