- Негізгі бет
- Музыка
- Алматыда өткен айтыстың...
Алматыда өткен айтыстың бас жүлдесін Мейірбек Сұлтанхан иеленді
Алматы қаласында Айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің халықаралық Одағының ұйымдастыруымен «Өз еліңде сұлтан бол!» атты республикалық аламан айтыс өтті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Өмірбек Жолдасбеков атындағы Студенттер сарайында өткен дүбірлі додада әр аймақтан келген 16 жас ақын бақ сынады. Үлкен сахнаға енді-енді аяқ басып, жұрт назарына іліге бастаған жастар өздеріне берген мүмкіндікті ақтау жолында аянып қалмады. Айтыстың негізгі мақсаты да, танылмай жүрген таланттарға қолдау көрсетіп, жас ақындарымызға жігер беру болатын.
Бұл жолғы айтыстың басты ерекшелігі жас ақындар сахнаға ұстаздарымен бірге көтерілді. Яғни, жаңа ереже бойынша ақындар айтысып болған соң әуелі төрелік айту ұстаздарға берілді. Қазақтың дәстүрімен қамшы тастау арқылы ұстаздар өз пікірлерін білдіріп, шәкірті жеңген, не жеңілгенін дәлелдеуге тиіс болатын. Бұл орайда елге есімі белгілі айтыскерлер өз шәкірттерін бастап шығып, жаңа жүйенің маңыздылығын арттыра түсті. Екі жақтың ұстаздары да бір шешімге келе алмаған сәттерде ереже бойынша, төрелік айту қазылар алқасына бұйырды. Айтысқа алғаш енгізіліп тұрған жаңа жүйеге халық тарапынан жақсы қолдау көрсетілді.
Қазылар алқасының құрамында «Айқын» газетінің бас редакторы, Президент сыйлығының лауреаты Нұртөре Жүсіп, Қазақстан Жазушылар Одағы төрағасының орынбасары, ақын Жанарбек Әшімжан, «Заң» газетінің бас редакторы, ақын Бекжан Әшірбаев сынды белгілі тұлғалар болды.
Кеш тізгінін Мұқағали Мақатаев атындағы сыйлықтың иегері, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, ақын Жүрсін Ерман ұстады.
Жүрсін Ерман әр жұп ұстаздарымен бірге сахнаға көтерілген сайын Айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің халықаралық Одағының мүшелік билеттерін табыстап отырды.
Алдын ала тартылған жеребе бойынша бірінші айналымда мына ақындар кездесті:
1-жұп. Саят Әбенов (Астана, ұстазы Еркебұлан Қайназар) – Нұрлан Есенқұлов (ОҚО, ұстазы Әбдіхалық Әбдірайымұлы)
2-жұп. Мейірбек Сұлтанхан (Астана, ұстазы Кенжебай Жүсіп) – Ержан Әміров (Қызылорда, ұстазы Иран-Ғайып Күзембаев)
3-жұп. Марат Ахметов (Ақтөбе, ұстазы Бақыт Жағыпарұлы) – Аспанбек Шұғатаев (Кереку, ұстазы Бағдат Дүйсенов)
4-жұп. Дархан Әбдіманатұлы (Тараз, ұстазы Ахметжан Өзбеков) – Сырым Әділбек (Қызылорда, ұстазы Бекарыс Шойбеков)
5-жұп. Таңжарық Ержан (Астана, ұстазы Серік Қалиев) – Рахман Оразбай (Алматы, ұстазы Әбдіғани Бәзілхан)
6-жұп. Айнабек Бейсенғалиев (Орал, ұстазы Талант Арынғали) – Ершат Қайболдин (Ақтөбе, ұстазы Темірхан Әбілханов)
7- жұп. Білімбек Сексентай (Қарағанды, ұстазы Дәулеткерей Кәпұлы) – Дәурен Сембай (Семей, ұстазы Сиязбек Сүлейменов)
8-жұп. Елдар Ихсанов (Орал, ұстазы Бауыржан Халиолла) – Асхат Садықбеков (Шымкент, ұстазы Мариям Тұрсынбекова)
Сайыс ережесі бойынша екінші айналымға үздік шыққан төрт ақын таңдап алынып, қазылардың бағалауы бойынша жүлдегерлер анықталды.
Финалдық кезеңде керекулік Аспанбек Шұғаев пен елордамыздың атынан дүбірге қосылған қызылордалық Мейірбек Сұлтанхан сынға түссе, екінші жұп болып алғышқы айналымда Мейірбекпен тамаша айтыс жасаған тағы бір қызылордалық айтыскер Ержан Әміров пен жас айтыскерлердің ішіндегі сақасы, елге таныла бастаған айтыскер Нұрлан Есенқұлов сөз қағыстырды.
Сайыс қорытындысы бойынша, үшінші орын семейлік Дәурен Сембай мен атажұртты аңсап келген қандас бауырымыз Рахман Оразбайға берілді. Екінші орын финалда өнер көрсеткен Ержан Әміров пен керекулік Аспанбек Шұғатевқа табысталды. Бірінші орынды ОҚО-ның оғланы Нұрлан Есенқұлов еншілесе, бас жүлдені қызылордалық Мейірбек Сұлтанхан иеленді.
Айтысқа қатысқан барлық ақын меценат Құсайын Омаров тағайындаған 300$ АҚШ долларымен марапатталды.
Автор: Нұржігіт Айдархан
Сурет: Нұржігіт Айдархан
Н. Айдархан