- Негізгі бет
- Музыка
- Алматыда Нұрғиса Тілендиевтің...
Алматыда Нұрғиса Тілендиевтің 90 жылдығына арналған концерт өтеді
Алматыда Жамбыл атындағы қазақ мемлекеттік филармониясының сахнасында Нұрғиса Тілендиевтің 90 жылдығына арналған концерт өтеді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі. Нұрғиса Тілендиев - әйгілі композитор, КСРО халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері.
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұркен Әшіровтің концерті 13 наурызда Ахмет Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған республикалық қазақ мамандандырылған музыка мектеп-интернатының халық аспаптары оркестрінің қатысуымен өтеді. Бұл күні сахнада Қазақстанның халық әртісі Нұрғали Нүсіпжанов, еңбек сіңірген қайраткерлер Гүлзат Дәуірбекова, Болат Бөкенов, Айгүл Қосанова және Арман Жүдебайлар жеке өнер көрсетеді. Ал халықаралық конкурстардың лауреаты Берік Батырхан дирижерлік етеді.
Қазақтың әйгілі күйші композиторы, дирижер, дәулескер домбырашысы Нұрғиса Тілендиев Алматы облысының Іле ауданына қарасты Шилікемер ауылында дүниеге келген. Мәскеудің Чайковский атындағы консерваториясының дирижерлік факультетін бітірді. Ол - 500-ден аса туындының авторы. Нұрғиса Тілендиев қазақтың Абай атындағы опера және балет театрында, қазақтың Құрманғазы атындағы мемлекеттік академиялық халық аспаптар оркестрінде және тікелей өзінің ұйымдастыруымен дүниеге келген "Отырар сазы" халық аспаптары оркестрінде бас дирижер қызметін атқарды. Қазіргі уақытта "Отырар сазы" оркестрінің бас дирижері - оның қызы Динара Тілендиева.
Е. Қайрахан