- Негізгі бет
- Музыка
- Алматыда "Жұлдыздар аллеясы"...
Алматыда "Жұлдыздар аллеясы" ашылды
«Мәдениет жылы» аясында Алматы қаласы, Республика Сарайының маңындағы «Достық» саябағында жұлдыздар аллеясының негізі қаланды. Отандық танымал әншілер мен актерлар саябақта 26 шырша ағашын отырғызды. Келешекте екі мыңнан аса ағаш отырғызу жоспарлануда.
Барлық шырша ағаштарына қазақ мәдениетінің дамуына сүбелі үлес қосқан өнер қайраткерлерінің есімі берілді. Жаңа отырғызылған әр шырша ағаш түбінде Бибігүл Түлегенова, Ермек Серкебаев, Асанәлі Әшімов, Ескендір Хасанғалиев, Владимир Толоконников, Нина Жмеренецкая, Жания Аубакирова, Нұржамал Үсембаева, Лаки Кесоглу, Роза Рымбаева, Меруерт Өтекешова, Рамазан Бапов, Анатолий Молодов, Роза Жаманова, Әлібек Дінішев т.с.с қазақ мәдениетінің дамуына сүбелі үлес қосқан сахна саңлақтарының есімі қашалған тақтай орнатылды.
Шараға Алматы қаласының әкімі Ахметжан Смағұлұлы Есімов қатысты. Шаһар басшысымен бірге, «Парасат» тобы, «Азиада аруы» әрі әнші Күміс Базарбекова, опера әншісі Медет Шотабаев т.б. өнер иелері ат салысты.
Әлібек Дінішевтың айтуы бойынша, әр қала тұрғыны кем дегенде жылына бір ағаш отырғызатын болса, Алматыдағы жасыл желектердің саны артар еді.
«Игі шараға қатысуға шақыру алғанда қуана-қуана келістік. Қазақ өнерінің саф шеберлерінің құрметіне орай ашылған жұлдыздар аллеясының негізін қалауға үлкен аға-апаларымызбен бірге атсалыстық. Енді Алматы сияқты әдемі қаламызда да жұлдыздар аллеясы бар. Келешекте барлығымыз аллеядағы ағаштардың саясында демалатын боламыз. Қаланың көркеюіне, мәдениетіміздің дамуына байланысты ізгі шаралардың саны алдағы күндері артады деген сенімдеміз».
Суреттер: today.kz
Ғ. Ұзақ