Абай атындағы мемлекеттік академиялық опера және драма театрында VI Халықаралық «Бибігүл Төленгенова вокалистері» байқауы басталды, деп хабарлайды Алматы қаласы әкімінің ақпарат-қызметі.
Музыкалық байқаудың ашылу салтанатына Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов қатысты. Қала басшысы бұл Халықаралық байқаудың қала мәдениетіне қосар үлесінің қомақты екенін айта келіп, байқауға қатысушыларды құттықтады. Сонымен қатар халық әртісі Бибігүл Төлегеноваға да алғысын айтты.
«Байқаудың шеңбері күннен-күнге өсіп келеді. Бір жыл ішінде біздің қалада шетелдің атақты жұлдыздары қонақ болды. Алматы үшін жоғары мәртебелі қонақтарды қарсы алу – құрмет! Бибігүл Төлегенова – еліміздің мақтанышына айналған аңыз тұлға. Қала күніне байланысты өткен мәслихатта Бибігүл Төлегеноваға «Алматының құрметті азаматы» атағын беру туралы шешімге келдік», деді Ахметжан Есімов.
Бибігүл Төлегенова да өз кезегінде байқауға көп көмек көрсетіп, қолдау білдіргені үшін Алматы қаласының әкіміне алғысын аямады.
«Бұл байқау Қазақстанға үлкен нәтиже беретініне сенімдімін. Біздің еліміз қазір жан-жақтан танымал болып келеді. Спорт және өнер еліміздің өркендеуіне ауыз толтырып айтарлықтай септігін тигізуде. Егер біздің жас вокалистер осы байқаудан оза шауып, әлемдік деңгейдегі сындарды көрініп жатса, онда мен мақтанар едім», деді Бибігүл Төлегенова.
Байқау осымен алтыншы жыл өтуде. Әр жыл сайын қатысушылардың осы сайысқа деген құлышынысы артып келеді. Осы жылғы байқауда Бибігүл Төлегенова 45 әншінің бағын сынамақ.
Қатысушыларға сәттілік тілейміз!
Дайындаған: Ақерке Әбілхан
Сурет: ruhdk.kz, np.kz