- Негізгі бет
- Музыка
- Алматыда "Gakku Дауысы"...
Алматыда "Gakku Дауысы" фестивалі өтеді
13 қыркүйек күні Алматы қаласының «Астана» алаңында қала әкімшілігінің қолдауымен «Gakku Дауысы» атты қазақстандық музыка фестивалі өтеді. Фестиваль Алматы күні және Gakku TV ұлттық музыкалық телеарнасының ашылуына орай ұйымдастырылып отыр.
Шоу-концерт көрерменге қазақстандық заманауи эстраданың қаймақтары саналатын өнерпаздардың өнерін тамашалауға шақырады. Фестиваль нон-стоп марафон форматында өтеді, яғни орындаушылар концертті өздері жүргізіп, бір-біріне ән орындау кезегін береді. Атап айтқанда, концертте Батырхан Шүкенов, L тобы, Дильназ Ахмадиева, Парвиз Назаров, Бейбіт Қорған, Луина, Мақпал Исабекова, «Мюзикола» тобы, Әли Оқапов, «Арнау» дуэті, «КешYOU» және «Ринго» топтары, Ғалымжан Молданазар және басқа да әнші-өнерпаздар кеш көркін қыздырады деп күтілуде.
Фестиваль ұйымдастырушыларының айтуынша, концерт көрермендері арнайы алаңда өздерінің сүйікті әншілерінен автограф алуына болады екен. Ал кеш соңында сағат 22.50-де көрермендер мерекелік от-шашуды тамашалай алады. Фестиваль Gakku TV телеарнасында көрсетіледі.
Естеріңізге сала кетсек, жаңа музыкалық арнаның бас директоры – Тимур Балымбетов. Арнаның негізгі миссиясы – қазақ эстрадасының антологиясына айналу. Әзірге арна тек спутник және интернет жолдары арқылы тарайды. Ал 2014 жылдың күз айында Gakku TV кабельдік жүйемен ақпарат тарататын болады. Бас директордың айтуынша, арнада музыкалық индустрияның әрқандай саласы жайында баяндайтын түрлі бағдарламалар ашылады.
Дайындаған: Ардақ Құлтай
Сурет: gakku.tv
А. Құлтай