8 желтоқсанда Алматыдағы Республика сарайында Батырхан Шүкеновті еске алу кеші өтті. Үш сағатқа созылған концертте қазақстандық және ресейлік эстрада жұлдыздары Шүкеновтің әндерін орындады. Ұйымдастырушылар миллиондаған адамның жүрегін жаулаған әншінің әлі де тыңдармандарының жүрегінде екенін дәлелдеуге тырысты.
Концерт ерекше өтті. Үлкен экраннан Батырхан Шүкеновтің даусы естіліп, кейбір әншілерді ол тіпті сахнаға шақырды. Сонымен қатар әншінің өмірінен ерекше кездесетін кадрлар көрсетілді. Тыңдармандары оны жақыннан сезінді...
Қазақстандық және ресейлік әншілер Батырхан туралы естеліктерімен бөлісті. Олардың ішінде ұлы Әли Оқаповпен бірге Роза Рымбаева, "Жетіген", "JCS", "МузАРТ", "Мagic of Nomads", "Мюзикола" топтары, Далер Назаров, Нұрлан Абдуллин, "Дервиши", "Сhick Flik" топтары, Дильназ Ахмадиева, Мадина Садуақасова, Жанар Дұғалова, Мақпал Исабекова, Доминик Джокер, Юлия Началова бар.
Алматыға әншінің жақын досы Владимир Пресняков келіп, көрермендерге "A`Studio" тобымен бірге "Белая река" әнін орындауды ұсынды.
Ал "Джулия" әнін Батырдың өзі таныстырып, оны залдағы қонақтар бірігіп орындады.
Әншілер музыканттың "Твои шаги", "Отан Ана", "Нелюбимая", "Дождь", "Немного слез твоих", "Все люди знают" және басқа да әндерін орындады. Сонымен қатар "Аманат" әнжинағына енген бірнеше ән орындалды. Кешті "Так далеко, так близко" әнімен Нурлан Абдуллин аяқтады.
Ресейлік режиссер Гевонд Андреасян Батырхан Шүкеновтің әні 2016 жылы прокатқа шығатын "Голоса большой страны" мюзикліне пайдаланылғанын айтты.
Концерттен кейін Tengrinews.kz тілшісі кейбір әншілермен әңгімелесіп үлгерді. Кеште "Малыш" әнін орындаған Доминик Джокер музыкантпен қалай танысқанын айтып берді. "Бұл өте ертеректе болды. Батыр екеуміздің жолымыз үнемі түйісе берді, осылайша біз дос болып кеттік. Бір күні Батыр менен ақыл сұрады. Мен қатты абдырап қалдым. Себебі ол мен үшін дәреже болатын, − деді Джокер. − Менен концертте қандай әнді айтқым келетінін сұрағанда ойыма "Нелюбимая" "Джулия", "Белая река" келді".
Джокер Батырмен бірге ән айтуды жоспарлағанын, оған үлгермегенін айтты. "Жаңа бір идея келсе, оны іске асыруға асығу керек. Күн демей, түн демей, оны орындауға асық", − деді музыкант.
Әнші Юлия Началова Батырханды 11 жылдан бері білетінін, оны ағасындай көргенін айтты. Ол концертте Батырханның әнін орындағанда қатты қобалжығанын айтты. "Себебі алдымда оның анасы отырды. Батыр маған өте жақын адам еді. Ол менің жадымда мәңгі қалады. Оның әлі де жанымызда жүргеніне сенгім келетін. Ал бүгін соған сендім", − деді ол.
Еске сала кетейік, Батырхан Шүкеновті еске алу кешінен түскен қаражат оның ұлына беріледі. Қазақстандық әншінің азаматтық некедегі жары ұлы үшін меценаттардан көмек сұраған болатын. Әншінің қазасынан кейін олар АҚШ-та тұрып жатқан үйлерінен кетуге мәжбүр болған.
Дереккөз: tengrinews