Алматыда Star of Asia Almaty.kz халықаралық музыка фестивалі өтеді

Алматыда Star of Asia Almaty.kz  халықаралық музыка фестивалі өтеді
Фото: vk.com

16 - 17 маусымда Алматы қаласында  Star of Asia Almaty.kz халықаралық музыка фестивалі өтеді.

Маусым айында Алматы қаласында еліміздегі ең ірі музыкалық шара –Star of Asia Almaty.kz. жыл сайынғы  халықаралық музыка фестивалі өтеді. 

Фестиваль 16-17 маусымда «Медеу» мұз айдынында өтеді. Шараның ресми өкілі әнші, актриса, тележүргізуші Мадина Сәдуақасова. Фестивальге отандық және әлемдік шоу-бизнес өкілдері қатысады. Ресей, АҚШ, Оңтүстік Корея, Жапония, Өзбекстан және Үндістан әртістері шараға қатысатынын растады. «Бұл ерекше, масштабты, технологиялық ғажап шоу болады» дейді ұйымдастырушылар.

Фестивальді өткізуге «Медеу» мұз айдыны бекер таңдалған жоқ, өйткені биіктік, ұлылық, өжет мінез талант иесінің жарқын болашағын айқындайды. Фестиваль өнер адамының әлемдік аренаға шығуына жол ашады.   Star of Asia  Almaty.kz бір уақытта 118 елде көрсетіледі, сондықтан қатысушылар фестиваль алаңында бар өнерін көрсете алады.

Фестивальдің бірінші күнінде Ерке Есмахан, Мадина Сәдуақасова, Серік Ибрагимов, МұзART-LIFE тобы, Newton, Madmen, Moonlight Q-pop топтары, жас әнші M’Dee және өзге де әншілердің әндері шырқалады. 

Фестивальдің екінші күнінде көрермендерді әлемдік деңгейдегі жұлдыздардың музыкалық тосын сыйы күтеді. Әнші Севара Назархан, 2014 жылғы Евровидение байқауына қатысқан Диляра Кязимова фестивальге қатысатынын растады. Ұйымдастырушылар жақын арада екінші күннің басты хедлайнерлерін, яғни АҚШ, Жапония, Оңтүстік Корея елінен келетін әншілерді атайды.

Star of Asia Almaty.kz билеттерін 16 мамырдан бастап www.starofasia.kz фестиваль сайты арқылы сатып алуға болады.  

А. Оралқызы