Қырық жылдық тарихы бар әйгілі «Дос-Мұқасан» ансамблінің орындауындағы «Алматы түні» әнін білмейтін, алғашқы әуенін естіген бойда тербеліп, қосыла кетпейтін жан кемде-кем шығар. Әсем ән халық ақыны Тұманбай Молдағалиевтің сөзіне, әнші-сазгер Досым Сүлеевтің әуеніне жазылған болатын.
«Алматы түні» әні 1972 жылы дүниеге келген. Сол жылдары елге «Дос-Мұқасан» ансамблінің есімі кеңінен танылып, жұлдызы жарқырап тұрған сәті еді. Елдің сүйіспеншілігіне бөленген шығармашылық топ жайлы фильм түсіру керек деген шешім қабылданып, Мәскеуден түсіру тобы Алматыға арнайы келеді. Түсірілім жұмыстары аяқталар сәтте фильм түсіруші жігіттердің бірі Досым Сүлеевке келіп: «Ән жазатыныңды білетін едім. Енді осы фильмге арнап бір ән жазуың керек. Менде түнгі Алматының бейнесі бар, оны фильмге қосамын. Сондықтан осы тақырыпқа сәйкес ән жазып берсең» деп қолқа салып, үш апта уақыт береді. Досым Сүлеев келісім беріп, фильм түсірілімі біткен соң, ән жазуға кіріседі. Шабыт шақыру мақсатында түнгі Алматыны аралай бастайды. Алайда, сазгер ән шығара алмайды. Арада күндер, күндер артынан апта өтеді. Бір күні Тұманбай Молдағалиевке жолығып, берілген тапсырма туралы айтады. Ақын аға сазгер інісін мұқият тыңдап болған соң: «Өзім де осы тақырыпты қолға алуды ойлап жүр едім. Ертең кел, ән мәтінін дайындап қоямын» деп жауап қатады. Ертеңінде сазгер ақын ағасына жолығып, «Алматы түні» атты өлеңді қолына алады. Бір оқығаннан сазгер жүрегі тебіреніп, бойын ерекше сезім билей бастайды. Үйге оралған бойда осы өлеңді негіз қылып алып, «Алматы түні» әнін дүниеге әкеледі. Кейін жанындағы жігіттерге көрсетіп, әнді бірге отырып жазады. Осылай арада үш апта уақыт өтіп, әнді мәскеулік тапсырыс берушілерге көрсетеді. Ән барлығының көңілінен шығып, оның әуенімен «Дос-Мұқасан» ансамблі туралы түсірілген фильді әрлейді.
Осылай тапсырыспен жазылған «Алматы түні» әні жарыққа шыққан бойда елге кеңінен таралып, үздік әндердің қатарынан көріне бастайды. Арада қырық жыл өтсе де, ән өз әуезін, өз болмысын, өз сынын жоғалтқан жоқ. Уақыт өте келе ән бірталай жас орындаушылардың ән қоржынынан орын алды. Алайда, алғашқы орындаудағы әнге халық пейілінің ерек екені даусыз.
Алматы түні
Сөзін жазған: Тұманбай Молдағалиев
Әнін жазған: Досым Сүлеев
Жұлдыздар жерге жақындап,
Байланып қалған секілді.
Қаз қатар өскен тату бақ,
Ойланып қалған секілді.
Қайырмасы:
Алматы түні, Алматы түні,
Ұйқымды менің ұрлады.
Алматы түні, Алматы түні,
Мен болып таңды жырлады.
Самалға кешкі шомылып,
Арманның оты жанады.
Менің де жастық өмірім,
Көшеде кетіп барады.
Қайырмасы:
Алматы түні, Алматы түні,
Ұйқымды менің ұрлады.
Алматы түні, Алматы түні,
Мен болып таңды жырлады.
Алатау алтын лағындай,
Сәукеле киіп тұр үнсіз.
Ұқсайды көрші ағынға,
Алатау арман ағын саз.
Қайырмасы:
Алматы түні, Алматы түні,
Ұйқымды менің ұрлады.
Алматы түні, Алматы түні,
Мен болып таңды жырлады.
Дайындаған: Ғазиза Ұзақ
Суреттер: voxpopuli.kz, nnm.ru