Алғаш рет Алматы метрополитенінің Мұхтар Әуезов театры бекетінде домбыра үні шарықтады. 26 маусымда, Ұлттық домбыра күні қарсаңында Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптары оркестрі Метро дауысы күй әуенімен флэшмобын өткізді. Шаттанған қауым болып жатқан кереметке үлкен қызығушылық тудырып, ыстық ықыластарын білдірді, күтпеген жерден орын алған флэшмобқа шын ниетті қуанышын жасыра алмады. Іс-шараның мақсаты Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен ағымдағы жылдың 1 шілдесінде алғаш рет өткізгелі отырған Ұлттық домбыра күні мерекесін насихаттау. Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптары оркестрі де қазақтың ұлттық аспабы домбыраны дәріптеп, мәдени, ұлттық бірлікті нығайтуды мақсат етуде. Құрманғазы атындағы оркестрдің барша ұжымы атынан Елбасымызға алғыс айтамыз. Күй мерекесі барша домбырашылар мен өнерпаздар үшін үлкен серпіліс болмақ. Ұлттық домбыра күнінде Құрманғазы атындағы оркестр өзінің ауқымды шараларын қолға алып отыр. Солардың ішіндегі ең бастысы Қазақ елі алаңында өтетін Домбыра асыл мұра атты үлкен концерттік іс-шара. Алматы метрополитенінде Құрманғазы оркестрінің домбырашылары Құрманғазының Адай, Балбырауын, Сарыарқа, Ақсақ киік, Дәулеткерейдің Көроғлы, Қос алқа, Жігер Топан күйлерін орындады. Ал 1 шілде күні Қазақ елі алаңында өтетін күй шеруде аталған шығармаларды 3000 өнерпаздың орындауында тыңдай аласыздар, - деп атап өтті Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Құрманғазы атындағы оркестр директоры Нұрғиса Дауешов.