Алматыда алғаш рет Бүкіләлемдік джаз күні тойланады. Айта кетелік, жаңа мереке осыдан екі жыл бұрын, БҰҰ-ның мұрындық болуымен белгіленген еді.
Былтырғы жылы мейрам Парижде тойланса, биыл эстафетаны Ыстамбұл алды. Дегенмен мереке Алматы қаласында да өзінше атап өтіледі. Қазақстандағы жиынды ұйымдастырушы – Рустам Оспановтың «JAZZYSTAN» музыкалық фестивалі.
Мереке аясында Алматыда заманауи джаздың көрнекті өкілі Acid Jazz тобы мен британдық «INCOGNITO» ұжымы өнер көрсетеді. Acid Jazz тобының тарихы 70 жылдары басталады. Жан-поль Миник пен Поль Вилламс құрған топ өзінің алғашқы альбомын 1981 жылы шығарды. Ал ұжымға әлемдік танымалдылықты үшінші «Positivity» пластинкасы әкелді. Содан бері топ 15 альбом жазып үлгерді.
«INCOGNITO» тобының шығармашылығында джаз, солу және фанк элементтері кездеседі. Топ құрылғалы бері көптеген танымал әншілермен бірігіп жұмыс істеді. Жақында музыкалық ұжым Солтүстік Америкаға ұйымдастырылған турнеден оралып, Қазақстанға келуге дайындалып жатыр. Коллективтің кейбір мүшелері бұған дейін «Reel People Sound System» жобасының құрамымен Алматыға бірнеше рет келіп, қонақ болған. Музыканттар, сонымен қатар, Алматыда жыл сайын өткізіліп жүрген төртінші «JAZZYSTAN» фестиваліне де қатысты.
Дайындаған: Еркебұлан Қайрахан
сурет: starwoodsoutheastasia.blogspot.com