Астанада «Жақсылық музыкасы» атты қайырымдылық кеші өтеді. Концерттік бағдарламадан түскен қаржы елорданың Балалар психоневрологиялық диспансерінің науқастарына көмекке аударылады.
Шараны «Мейірімді жүректер қаласы» қайырымдылық қоғамдастығы ұйымдастырып отыр. Концертте танымал әнші, «Жұлдыздар фабрикасы» жобасының финалисі, EMA-2013 нұсқасы бойынша «ең үздік орындаушы» атанған жас орындаушы, пианиношы Әли Оқапов және Астана қаласының музыкалық ұжымдары өнер көрсетеді.
Елорданың Балалар психоневрологиялық диспансерінде қазір 100-ден астам бала тәрбиеленіп жатыр. «Мейірімді жүректер қаласы» ұйымы оның 30-ға жуығына арнайы еріктілер бөлген. Науқас балалардың көңілін аулауды қалайтын еріктілер тобы сауықтық шаралар ұйымдастырып, қолөнер түрлері бойынша шеберлік дәрістерін өткізеді. Әлеуметтік желілерде балалардың суреттерін орналастырып, оларға қайырымды жандардың назарын аударуға тырысады. «Жақсылық музыкасы» атты қайырымдылық концерті қыркүйектің 28-інде Ramada Plaza Astana отелінде өтеді. Осындай шара жылдың соңына дейін тағы да ұйымдастырылмақ.
Жолдаған: Болатбек Мұхтаров
Сурет: vk.com