Астана Опера театрының Камералық залында тыңдармандар үшін Бродвейлік шоу әлеміне сапар шегудің керемет сәті ұсынылмақ. 27 қараша күні Мәдениет қайраткері, профессор Г.Құттыбадамованың жетекшілігімен Астана қаласы әкімдігінің Мемлекеттік академиялық филармониясы Камералық хоры әртістерінің орындауында Әлемдік рок-опералар мен мюзикл хиттері концерті өтеді. Қазақстан мен шетелдің көптеген қалаларында гастрольдік сапармен өнер көрсетіп, айтулы халықаралық додаларда бірнеше мәрте марапатқа ие болған ұжымның орындауында хорға арнайы өңделген бродвейлік мюзиклдер мен рок-опералардың атышулы хит әуендері шырқалады. Көркемдік жетекшісі әрі дирижері Гүлмира Құттыбадамова. Мюзикл ең мәнерлі театралдық жанрлардың бірі болып саналады. Сюжет музыкалық, драмалық, хореографиялық және опералық өнердің бірегей үйлесімі арқылы ашылады. Аталған бағыттың гүлденген шағы өткен ғасырдың орта шенімен тұспа-тұс келді. Аз ғана уақыттың ішінде біршама жас сахналық жанр жер бетіндегі барлық тыңдарманның жүрегінен орын алып үлгерді. Мюзикл әндерін орындау мәнері классикалық опералық вокалдан едәуір ерекшеленетінін атап өткен жөн. Бағдарламада қазақстандық сазгер Ж.Тұрсынбаевтың Арайлы Астана әні ұсынылған, сондай-ақ Ф.Лоудың Моя прекрасная леди, Л.Бернстайнның Вестсайд оқиғасы, Дж.Кандердің Чикаго, Дж.Ларсонның Рента, С.Шварцтың Злая (Wicked), Пиппин, АВВА тобының репертуарынан Б.Андерссон мен Б.Ульвеустың Мамма Мия!, М.Хэмлиштың Кордебалет (A Chorus Line), Р.Адлер мен Дж.Росстың Пижамная игра, С.Робинсонның Мотаун, Ж.Пресгюрвиктың Ромео мен Джульетта, Р.Коччантенің Норт-Дам де Пари мюзиклдерінен хит әндер шырқалады. Рок-опера рок-музыка жанрында құрылған опера. Осы музыкалық-сахналық шығармаларда оқиғалар желісі рок стилінде жазылған композициялар арқылы тарқайды. Вокалдық партияларды орындайтын солистермен бірге сахнада гитарашылар және өзге де рок-музыканттар болуы мүмкін. Алғаш рет осынау жанр жиырмасыншы ғасырдың алпысыншы жылдарында пайда болған. Елорда тұрғындары мен қала қонақтарының назарына Э.Л.Уэббердің Иисус Христос суперзвезда, В.А.Моцарттың музыкасына Д.Аттья, Ж.П.Пило, О.Шультез, В.Руссоның Моцарт. Рок-опера, А.Рыбниковтың Юнона және Авось сынды танымал рок-опералардың хиттері, сонымен қатар Queen тобының репертуарынан Ф.Меркьюридің Bohemian Rhapsody, Б.Кингтың Stand by Me және Aint Now, We Shall Overcome т.б. әндер ұсынылады.