- Негізгі бет
- Музыка
- Әлемдік музыка индустриясындағы...
Әлемдік музыка индустриясындағы дәстүрлі аспаптардың танылуы
Массагет оқырмандарының назарына "Алдаспан" рок-тобының мүшесі Мақсат Хасанов жаһанданудың өнерге әкелген өзгерісі жайындағы жазбасын ұсынады. Бағалай отырыңыз!
Соңғы бір-екі ғасырдағы адамзаттың ғылыми-ақпараттың прогресі адамзат өмірінде бұрын-соңды болмаған әлемдік жақындасуды, яғни «жаһандану» қозғалысын дүниеге алып келді. Жаһандану ұғымына қоғамда әр түрлі анықтама беріп жатады. Әсіресе әр сала мамандары бұған өз мамандықтары тұрғысынан пікірлер айтқан. Қалай болғанда да, жаһандануды қысқаша әлемдік мәдениеттердің өзара пікір алмасуы, әртүрлі қоғамның мәдени-ақпараттық жақындасуы деп, тіпті мәдениеті мен экономикасы дамыған мемлекеттердің ғылыми-рухани үстемдігі деп түсіндірсе болады. Аталған қозғалыстың адамзат қоғамына пайдасы орасан, әйткенмен кемшілігі яки зияны да жоқ емес. Пайдасы сол, қазір адамдар ара қашықтықтың алшақтығына қарамастан, лезде ақпарат алмасады. Мәселен бір құрлықта болып жатқан оқиғадан өзге бір құрлық тұрғындары көзді ашып-жұмғанша хабардар болып отырады. Бұл жетістік өз кезегінде адамдардың мәдени-экономикалық өміріне оң өзгерістер алып келуде. Ал зиянына келетін болсақ, жоғарыда айтқандай жаһандану дамыған мемлекеттің қоғамның рухани һәм экономикалық өмірінде өзіндік бір үстемдікке қол жеткізуі. Бұндай жағдайда руханияты пәс, экономикасы мәз емес немесе халық саны аз елдер сол алпауыттардың аузына жұтылып кетуі айтпаса да түсінікті жәйт. Біздің пікірімізше, жаһанданудың осы бір тұсы мәдениет пен руханиятқа айтарлықтай зиянын тигізеді. Осы тұрғыдан алғанда, жаһандану ортақ бір игіліктерге немесе ортақ бір рухани құндылықтарда адамдардың бірігуі емес, керісінше әлемде қай мемлекеттер ғылыми-экономикалық дамыған болса, сол елдердің қоғамның барлық саласындағы үстемдігі. Мәселен қазіргі қоғамда көп жағдайда адамдар арасында ортақ бір киім үлгісі, ортақ тұтынатын заттардың бірдей болуы, тіпті ішер астың да белгілі бір түрлері ортақ дәстүрге айналған. Бұл үрдіс көбіне үстем елдердің тарапынан қабылданып жатса, қалған елдер оны қалыптылыққа балап, емін-еркін сіңіріп жатады. Ал «құл» елдердің бұрыннан келе жатқан киім үлгісі, тағы басқалары ескілікке баланып немесе «заманға сай емес» деген желеумен мұражайларда ғана қалып қоюда.
Мақсат Хасанов
Алапат өзгеріс әлемдік музыка өнеріне де өз ықпалын тигізіп келеді. Айталық, қазір әлемде қай мемлекет үстемдік құрып тұрса, музыка әлемінде де сол елдің музыкасы көш ілгері тұрады. Бұл жағдайдың басталғанына да бірнеше ғасыр өтті. ХІХ-ХХ ғасырлардан бері әлемдік музыка өнерінде Батыс елдерінің ықпалы басым екені байқалады. Солардың туындылары «әлемдік шеберліктің шыңы» танылып келгені жасырын емес. Өзге елдердің музыкасы яки шығармалары мен музыка аспаптары «ескінің көзі» немесе «классикалық туындылармен салыстыруға келмейді» деген желеумен кейін ысырылды. Тіпті «фольклорлы аспап», «ұлттық музыка» деген аттар да осындай кемсітушілік мақсатта шығарылған десе де болады. Ал «кемшілігі» бар аспаптардың Батыс классикалық туындыларын ойнауға шамасы жетпесе де, өз елінің ұлттық бояуын, жанын ұқтырып тұратыны бірде ескерілсе, кейде назардан тыс қалып отырды. Қай аспап Батыстың шығармасын ойнауға шамасы келсе, сол аспап мақталып, өзіндік табиғатын бұзып тұрса да, сахнаға жиі шығарылып отырды. Бұл жағдайға өз кезегінде «құлдық сананың әсері» десе де болады.
Бірақ соңғы ғасырдағы қоғамдағы мәдени-ғылыми жақындық адамзатқа ортақ өлшемдер тудырды.
Өнерде қандай да бір жаңалық болатын болса, ол дереу әлемдегі ең мықты сарапшылардың тарапынан сыналып отырады. Бұл өз кезегінде қай салада болмасын, дамуға, көркемдікке әкеледі. Жоғарыда жаһанданудың музыка саласына тигізген келеңсіздіктерін атап айтқан болатынбыз. Бірақ сол жаһандану бола тұрса да, соған төтеп беріп, әлемдік өзгерістердің жағымды тұстарын сіңіре отырып, өзіндік нақышты жоғалтпай да өнерді дамытуға болады.
Шығыс халқы мен батыс халқының ойлау жүйесінде айтарлықтай айырмашылық бар. Оны ғалымдар бірін «вертикалды», ал екіншісін «горизонтальды» ойлау жүйесі деп атап жүр. Яғни Шығыс халқы көбіне музыка саласында аспапты дамыту немесе шығарманы күрделендіруден гөрі, сол дүниелерді сол қалпында еш бұзбай өзгеріссіз қалдыруға бейім. Сондықтан біз қазір Шығыс халқының ертедегі шығармаларының, аспаптарының қандай болғанын қатты ерекшеліксіз тани аламыз. Ал Батыс елдерінде көбінде бір орында тұрмай дами беру үрдісі байқалады. Қазіргі Батыс музыка тарихында аспап та, шығарма да, жанр да дамудың бірнеше кезеңінен өтті. Соның әсерінен музыка саласы да бұрын-соңды болмаған жаңалықтарымен елең еткізеді. Батыс елдерінде дамыған музыканың алуан түрлі сатысы қазір әлем халқының барлығында да бар. Классикалық музыканың даму сатысын былай қойғанда, Батыста жанр да сан алуан түрге баий түсті. Соның ішінде эстрада өнері ерекше көзге түседі. Атап айтар болсақ – блюз, джаз, рок, поп-рок, т.б.
Сонымен қатар музыкалық аспаптар да түрленіп дамып кетті. Оған қарапайым аккустикалық гитара мен электронды гитараны мысалға келтірсек жетіп жатыр.
Бұл өзгерістерді әлем жұртшылығы бірдей қабылдап жатты. Батыс аспаптарын меңгерді, сол аспапта сол Батыстық шығармалар ойналды, ал кейде ұлттық шығармаларын сол аспапқа лайықтап жазып, бір ұлттың өз аспаптары «көненің сарқыншағы» есептеліп, екінші сатыға түсіп қалды.
Жалғасы бар
Автор: Мақсат Хасанов
Сурет: жеке мұрағаттан
М. Оңғарова