- Негізгі бет
- Музыка
- Әлемді билеткен рок-н-ролл...
Әлемді билеткен рок-н-ролл
Рок-н-ролл десе ойыңызға не келеді? Ырғақты әуен, би мен күлкі. Ендеше бүгін XX ғасырдың музыкасын өмірге әкелгендердің тізімін ұсынамыз:
Билл Хейли
Рок-н-ролл стидіндегі алғашқы ән қандай болды? Алғашқылар туралы сөз қозғаған кезде әрқашан нақты жауап беру мүмкін емес. Бұл Джеки Брэнстонның «Rocket 88» әні әлде Билл Хейлидің «Crazy Man Crazy» әні ме? Мүмкін «Rock Around The Clock» әні шығар... Көбі соңғы ұсынылған әнді дұрыс жауап ретінде таныр еді. Бұл композицияны алғаш болып Сонни Дэй орындаған. Дегенмен, Билл Хейлидің орындауындағы ән сол уақыттағы атақты Blackboard Jungle фильмінің саундтрегі болғаннан кейін танылды. Бұның бәрі аса маңызды емес, бастысы: бір ән жүректі баулағаннан соң әлем қайта қалпына келмейді. Pink Floyd лидері Дэвид Гилмор: «Менің гитара ұстауыма не түрткі болғанын білмеймін. Мүмкін, мен 10 жаста болған шақта тыңдаған "Rock Around the Clock" шығар...»– деген болатын.
Элвис Пресли
Аңызға сенсек, Элвис Пресли алғаш «Sun» студиясына тыңдалымға келген кезінде Сэм Филлипстің аса көңілінен шыға қоймаған. «Қандай әндер айтасың?» – деген сұрағына, «Мен кез-кезген әнді орындай аламын» – деп жауап берген. Шынымен, ол кез-келген бағыттағы, тақырыптағы әндерді орындай алатын. Мысалы, мұңға толы «Heartbreak Hotel», романтикалық «That’s All Right Mama», құштарлықты суреттейтін «Burning Love», қуат көзі болған «Don’t Be Cruel»... Сахнада әнші көп, дегенмен, жарты ғасыр атаққа бөлену, қаза тапқан соң 40 жылдай ел аузынан түспеу екінің бірінің қолынан келе бермейді.
Чак Берри
Джон Леннон өзінің сүйікті әншісін былайша сипаттайды: «Егер, рок-н-роллға жаңа атау берер болса, оны «Чак Берри» деп атар едім. 50-жылдары музыка өз құнын жоғалтқан шақта, ол қоғамдық мәні бар, керемет шумақтардан тұратын, маған, Диланның шығармашылығына әсер еткен әндер жазды. Елуінші жылдары өмірге келген буын өкілдері оның музыкасымен ер жетті». Шынымен, 50-жылдың рок-н-роллын «Johnny B.Goode», «Sweet Little Sixteen» немесе «Memphis Tennessee» әндерінсіз елестету мүмкін емес.
Бадди Холли
АҚШ-та техастықтар өте дөрекі, «дәстүрлі» құндылықтардың жанкүйері, сөйлегені мен ойлағаны қисынсыз деген пікір қалыптасқан болатын. Өзіне «Бадди» лақап атын алған Лаббок Чарльз Хардин Холли де Техастан болатын. Оның үстіне, сахнаға алғаш рет көзілдірікпен шыққандардың бірі-тұғын. Ол уақыттары көзілдірік аутсайдер белгісі болатын. Қолында гитарасы бар, түр әлпеті есепшіге келетін адамнан не күтуге болады? Кантри? Жоқ, бұл жолы ол бүкіл әлемді билеткен еді: «Peggy Sue», «Maybe Baby», «Rave On» атты әндерді халыққа сыйлады. «That’ll Be The Day» оның алғашқы авторлық әні болса, «Not Fade Away» әнін бүкіл рок группалары қосылып шырқайтын.
Сіз қандай рок-н-ролл әндерін білесіз?
Т. Есқали