- Негізгі бет
- Музыка
- "Алдаспан" тобы кубалық...
"Алдаспан" тобы кубалық музыкант Исаак Реалмен бірігіп бейнебаян түсірді
Қазақ эстрадасында этникалық әндерді рок жанрында шеберлік шыңына жеткізе орындап жүрген "Алдаспан" тобы кубалық музыкант Исаак Реалмен бірігіп бейнебаян түсірді, - деп хабарлайды massaget.kz тілшісі.
Жаңа бейнебаян "Ай Мария" деп аталады. Композицияда қазақ домбырасының үні испан әуенінің сарынымен үйлесім таба білген. Бейнебаян авторлары ерекше жанрдағы туынды ел көңілінен шығады деген үмітте. Бүгін біз сіздерге бейнебаян авторларымен болған шағын сұхбатымызды ұсынамыз.
- Құрметті "Алдаспан" тобы және Исаак Реал жаңа бейнебаяндарыңыз құтты болсын! Ерекше жанрдағы композицияларыңыз туралы айта кетсеңіздер? Бейнебаянды түсіру идеясы қалай туындады?
- "Ай Мария" әні қазақ және испан тілінде жазылған. Оның сөзі, әні толығымен жаңа. Композицияда қазақ домбырасының үнін испан әуенінің сарынымен үйлестіруге тырыстық. Бұл нәтиже берді деп те ойлаймыз. "Алдаспан" тобы домбырамен рок жанрында танылып жүрсе, Исаак өзгеше жанрда ән шырқайды. Екі ұқсас жанрды біріктіріп айтып көру ойда болды. Сондай шығармашылық тәжірибенің негізінде бұл композиция дүниеге келді.
- Композицияның негізгі идеясы қандай? Халық қалай баға береді деп ойлайсыздар?
- Әннің идеясы - қазақ пен испан тілдерін араластырып микс жасау. Халық - бәріне сыншы. Ел көңілінен шығады деген ойдамыз.
- Кубалық әншіні кей тыңдармандар мен көрермендер танып жатса, кейбірі танымайтыны рас. Енді, дуэт құрған Исаак Реал туралы айта кетсеңіздер.
- Исаак Реал Алматыда үш жылдан бері тұрады. Ол "Қазақстан дауысы" музыкалық жобасына қатысқаннан кейін барып жұртшылыққа танылды. Ол - талантты әнші. Өзінің тыңдармандары бар. Әнді де жоғарғы деңгейде орындай алады.
- Сіздердің араларыңызда испан тілін білетіндер бар ма? Бір-бірлеріңізбен өзара қалай түсінісесіздер?
- Біздің арамызда испан тілін меңгергендер жоқ. Алайда, қасымызда Исаактың директоры Жәмила бір жарым ай көлемінде аудармашы болып жүрді, кейіннен ымдап-жымдап бір-бірімізді түсініп кеттік. Исаак бізге испан тілін үйретсе, біз оған қазақ тілін үйретіп жүрміз.
- Келесі сұрағымызды Исаакқа қойсақ. Альбом тек Қазақстан аумағында ғана тарайды ма, әлде Куба, Испания елдеріне де жетеді ме? Және де сіздің ойыңызша Еуропа халқы оны қалай қабылдайды?
- Ең алдымен біз альбомды Қазақстан көрермендеріне арнап шығарғымыз келді. Ал кейіннен жоспарлай келе еңбегіміздің нәтижесін Куба, сосын Испания, жалпы Еуропа елдеріне таратуды қалап отырмыз. Ал Еуропа тарапы қалай қабылдайтындары бізге белгісіз. Әрине, көпшілік көңілінен шықса нұр үстіне нұр болар еді. Альбомды Қазақстанда да, шет елдерде де тыңдармандар жылы шырай танытып қабылдаса дейміз. Біз әнді шын ынтамызбен, барлық күш-жігерімізді сала орындадық. Композицияға деген махаббатымыз жоғары болды.
- Құпия болмаса, Қазақстанға қалай келдіңіз?
- Менің достарымның көбі Қазақстанда болған. Тұрып жатқандары да бар. Олар үнемі Қазақстан туралы жақсы пікірде. Достарым әңгіме кезінде қазақ жұрты туралы, мәдениеті және салт-дәстүрді мықты ұстанатындарын айтатын. Сөйтіп, мен Қазақстанға келуге бел будым. Достарымның айтқан сөздері айна-қатесіз екен. Мен Қазақстанда өзімді жайлы және бақытты сезініп жүрмін. Осында тұрақтап қалу да жоспарымда бар.
- Сіз сонда Қазақстанға біржолата қалуды шештіңіз бе?
- Әрине, біржолата деп айту қиын. Себебі, ертеңгі күнді ешкім де болжай алмайды. Қазіргі кезде бақытыма орай тұрғылықты жұмыс орным бар. "Алдаспан" тобымен бірлесіп жоба жасап жатырмыз. Сол жобаның сәтті шығуына үлкен сенім артып отырмыз.
- Бейнебаянға қайта оралсақ, өзіңіздің көңіліңізден шықты ма?
- Иә, бейнебаян көңілімнен шықты. Өнердегі достарым да жоғары бағалап жатыр. Бастысы - бейнебаян Қазақстан мен Куба елдері арасында мәдени байланысқа да алтын көпір болады деп ойлаймын.
- Әңгімелеріңізге рақмет. Жаңа композицияларыңызбен ел көңілінен шығып, биік белестерді бағындыра беріңіздер!
Н. Нұрмаханұлы