"Алдаспан" тобы алғаш рет махаббат туралы ән жазды

Электродомбыраны дәріптеп, қазақ сазына жаңа бағыт алып келген «Алдаспан» рок-тобы біздің сайт оқырмандарына бұрыннан таныс болар. Аталған топ сүйікті тыңдармандарына жағымды жаңалығын қуана бөлісті. Бұрын тек патриоттық әндер айтатын «Алдаспан» енді махаббат тақырыбына да ойысқан екен. Кезекті жаңалық әні «Пай-пай» деп аталады. Сөзін Қадырмұрат Мирас, әнін топ мүшесі Шамшаддин Омаров жазған. Әннің авторы әрі орындаушысы бұл әннің қазақ қыздарының сұлулығына, инабаттылығына тәнті болған сезімнен туғанын айтты.

Пай-пай

Жарқырап жадыраған жанарың айдай,
Арайлы күнге жүзің тең, тең, тең, тең.
Көзімді көздерімнен қарадым алмай,
Жүректің қалағаны сен, сен, сен, сен.

Қайырмасы:
Пай-пай, пай-пай,
Ажарың айдай,
Байқай, байқай,
Басымды тұрмын
Шайқай, шайқай.
Дарасың неткен,
Пай-пай, пай-пай.

Таң күліп жарығым-ай жаныма күнде,
Мәңгілік арай нұрым бол, бол, бол, бол.
Табысып қолымызды созайық күнге,
Бақытқа толсын ғұмыр мол, мол, мол, мол.

 
Жарқырап жадыраған жанарың айдай,
Арайлы күнге жүзің тең, тең, тең, тең.
Көзімді көздерімнен қарадым алмай,
Жүректің қалағаны сен, сен, сен, сен.
 
Су жаңа әнді мына сілтеме бойынша тыңдауға және жүктеп алуға болады. 
 
Ұқсас жазбалар:
 
"Алдаспан" тобы ұлыбританиялық режиссерді тәнті етті
«Алдаспан» тобы үш күйтабақтың тұсауын кеседі