- Негізгі бет
- Музыка
- "Аквариумның" концерті техникалық...
"Аквариумның" концерті техникалық жағынан жоғары деңгейде өтеді
Биыл 40 жылдығын тойлайтын әйгілі «Аквариум» рок-тобы өзінің ресми сайтында желтоқсанның 2-сі күні Алматыда мерейтойлық концерт беретінін табынушыларының есіне салады. Бұл күні топты тұңғыш қазақстандық рок-марапатты табыс ету салтанатына қонақ ететін Tengri FM радиостансысы болса, оның концертіне техникалық тұрғыдан өте күрделі дайындық жүріп жатқанын хабарлады. Борис Гребенщиков пен оның «Аквариум» тобы қарашаның 30-ы күні Мәскеуде, желтоқсанның 2-сі күні Алматыда және желтоқсанның 5-і күні Санкт-Петербургте мерейтойлық концерт беретінін ресми түрде мәлімдеді. Музыканттар өздері «топтың 4000 жылдығы» деп атаған мерейтойды өткізуге осы үш ірі қаланы лайық деп тапқан. Топ өкілдері тыңдармандарын мерейтойлық жылды қорытындылайтын тұста ағылшын композиторы Саймон Баспен бірге «Фавн» атты жаңа композицияны жазып, жария еткені туралы да құлағдар етеді. Ал Алматыда рок-марапат салтанаты мен «Аквариумның» мерейтойлық концертіне дайындық қызып жатыр. Tengri FM өкілдері бұл дайындықтың техникалық-көркемдік жағынан алғанда, нағыз жанкешті процесс екенін айтады. Концертте сапалы дыбыс пен озық жарық беру технологиясы қолданылады. Еске сала кетейік, рок-музыка саласындағы қазақстандық тұңғыш жүлдені табыс ету кеші желтоқсанның 2-сі күні Республика сарайында сағат 19.00-де өтеді. Думан Б.Гребенщиков пен оның 16 адамнан тұратын тобының концертіне ұласады.
Жолдаған: Болатбек Мұхтаров
Сурет: aquarium.ru
Р. Роза