Ақтөбе облысының басшылығы жаңадан салынып жатқан мұражайда танымал адамдардың жеке заттарын қоюды жоспарлап отыр. Соның ішінде жас әнші Димаш Құдайбергеннің сахналық костюмдері, Қытайдағы фанаттары тарту еткен сыйлықтары мен жазған хаттары болуы әбден мүмкін, деп хабарлайды Массагет порталы Aktobenews.kz сайтына сілтеме жасап.
Димаштың анасы Светлана Айтбаеваның айтуынша, бұл бастама қолдау табатын болса, өнерлі отбасы мүмкіндігінше мұражайға қол ұшын созуға дайын. «Осыған дейін Ембі қаласындағы Жұбановтар музейінің директоры сахналық киімдерімізді сұратқанда Қанат екеуміздің костюмімізді бердік. Осы жолы жаңа музей тарапынан ұсыныс түссе, әрине, берер едік. Тіпті, кешегі Димаштың Қытай сахнасында киген киімдерін де тарту етеміз», - дейді Светлана Айтбаева.
Сонымен бірге, Светлана Айтбаева Қытайдағы тыңдармандардың Димашқа тарту еткен ерекше сыйлықтарын да Қазақстанға жеткізуге тырысқанын айтады. «Қытай фанаттары хаттар жазған. Ойыншықтар, альбомдар сыйлады. Шамам келгенше Қазақстанға әкелдім. Бүгінде үлкен қорапқа салып жинап қойдым. Егер музейден орын табылса, әрине, кейбір дүниелерді экспонат ретінде беруге дайынбыз», - дейді ол.
Айта кетейік, бұған дейін Димаш Құдайберген «Singer-2017» ән байқауының бірінші кезеңінде киген сахналық киімі 158 890 юаньға (7,2 миллион теңге) сатылды. Костюм mpaimai.jd.com ғаламтор сауда желісінде бәс саудаға шығарылған. Бастапқы бағасы 188 юаньнан (8 500 теңге) басталған киім соңында 158 890 юаньға сатылып кектен. Сол кезде жеңімпазға Iphone 6S телефоны сыйға тартылған еді.