- Ақерке, соңғы кезде сахнадан көрінбей жүрсіз. Мұның себебі бар ма?
- Себебі көп. Нақтырақ айтқанда, үлкен сахнаға шықпағаныма 3 жылдың жүзі болды. Дәл қазір Алматы қаласы әкімдігі, туризмді дамыту бөлімінің бас маманы болып мемлекеттік қызметте жүрмін. Арасында консерваторияда сабақ беремін. Өнерге баулып жүрген шәкірттерім бар. Астана қаласына шақырту да алдым. Алайда, келер жылы барлығын қолға алып, сахнаға қайта ораламын деп жоспарлаудамын.
- Осы уақыт ішінде репертуарыңыз жаңа туындылармен толықты ма?
- Қазақстандықтарға көрінбей келген шығармын, десе де жылына 4 рет шетелге шығамын. Түрлі халықаралық байқауға қатысып жүрмін. Қыл қобызымды арқалап шетелдіктерге қазақтың дәстүрлі күйлерін танытудамын. Қызметіммен байланысты да баруып жүрмін. Еліміздің БАҚ өкілдері халықаралық деңгейдегі барлық сайыстарды қамтып үлгермейді. Барлығы өзім үшін жасалатын дүние болғандықтан, жарнаманы қажетсінбеймін. Шетелге тек өзім емес, шәкірттерімді де апарып жүрмін.
- Жақында Қазан қаласында өтетін фестивальге баратыныңызды естіп жатырмыз. Сол туралы толығырақ айтып берсеңіз.
- Оны TYRKCOY халықаралық ұйымы ұйымдастырып отыр. Олар Америка сынды алып мемлекеттерде мәдени алмасу, халықтар арасындағы достықты нығайту мақсатында түрлі іс-шара ұйымдастырады. Аталған фестивальге түркі тілдес халықтар қатысады. Мен Қазақстанның танымал дережері Қанат Ахметовпен бірге барамын. Қазан қаласында татарлық музыкалық аспаптар оркестрімен бірігіп, Ермұрат Үсеновтың «Өмір дастан» атты туындысын орындаймын. Оркестр 80-90 адамнан тұрады. Бүгін алғашқы дайындығымыз болды.
- Жеке өміріңізде қандай өзгерістер болып жатыр?
- Шынымды айтсам, жеке өмірім туралы айтқым келмейді. Барлығы құдайдың қолында, уақыттың еншісінде. Әзірге той жоспарда жоқ. Болып жатса, міндетті түрде хабарын беремін.
- Қайрат Нұртастың бөлесі екеніңіз рас па?
- Мұны қайдан білесіздер? (Күлді). Ия, аналарымыз туған әпкелі-сіңлі. Менің анам отбасының тұңғышы болса, Гүлзира ханым – ең кенжесі. Қайратпен өнерде де, өмірде де туыспыз, доспыз. Гүлзира апай өздерімен бірге эстрадаға шақырады. Менің бағытым дәстүрлі музыка болғандықтан, Қайраттың жанында жүре алмаймын. Өзімнің академиялық орындаушы ретінде танылған аудиториям бар. Эстраданы алғаш рет қыл қобызға түсірген менмін. Мұны жалғастырып жүрген Інжу, Асыл сынды танымал топтар бар. Алғашында көп сын естіген едім. Қазір екінің бірі қобызды сахнаға алып шығып жатады.
- Әсем үніңіздің құлаққа жаққаны соншалық, бір сәтке ән орындамай ма екен деген ой келді...
- Бала күнімнен ән айтуды ұнатамын. Азия даусының балалар шығармашылық жобасында 3-орын алдым. Әнші балапан жобасына да қатыстым. Бірақ, арнайы білімім болмағандықтан, өзімді кәсіби әншілердің қатарына жатқызбаймын.
- Отбасыңызда өнерге жақын жандар бар ма?
- Тәжібаевтар отбасында жоқ. Ал, нағашы әжем ақын, анда-санда қоңыр даусымен ән де айтады. Мұнымен қатар, сән әлемінде танылып жүрген Ая Бапани есімді әпкем бар.
- Қыл қобызды қалай меңгердіңіз?
- Қайрат та, мен де киелі Түркістанда туылдық. Алматы қаласында Ахмет Жұбанов атындағы университетте білім алдым. Ата-анам қобыз көненің дүниесі, шамандардың аспабы деп қарсы болса да, адамның жанын жаулап, рухани азық беретін аспаптай көрінді. Осы қобыздың арқасында жарты әлемді араладым десем де болады. Қазір санасам, 18 жыл бойы білім алған екенмін, сол себепті, бастаған ісімді жарты жолда қалдырғым келмейді.
- Дуэт орындағыңыз келмей ме?
- Осыған дейін дуэт орындап көргенмін. Өнердегі досым Мұрагер Сауранбаев екеуіміз «Алматы түнін» алғаш рет көпшілікке ұсындық. 2009 жылы Жамбыл атындағы филормонияда өткен «Мәңгілік қобыз сарыны» деген концертімде осы әннің тұсауы кесілген болатын. Артынша інім Қайрат оны сұрап алды. Екеуіміз бірге орындауымыз керек еді. Белгілі себептермен бұл ойымыз жүзеге аспай, Алишер Қайратұлы екеуі орындады.
- Келе жатқан Жаңа жыл мерекесін қайда қарсы алуды жоспарлап жатырсыз?
- Шетелде қарсы аламын деп ойлаған едім, ұсыныстар түсіп, елде атап өтемін деп шештім.
Ақерке, редакциямызға келіп жаңалықтарыңызбен бөліскеніңіз үшін көп рақмет. Сізге өнерде де, өмірде де табыс тілейміз!
Сурет: Ақерке Тәжібаева