Қазақ вальсінің королі, ән әлемінің падишасы дара тұлға Шәмші Қалдаяқовтың әнін білмейтін қазақ кемде кем. Кез келген әнін естіген бойда тербеліп, еріксіз қосыла шырқалып кетесің. Жан тебірентер сондай әндердің бірі – «Ақ бантик». Әннің мәтінін халық ақыны Мұхтар Шаханов жазған.
Бұл әннің өзге әндер сияқты шығу тарихы бар. Алайда, ән жарыққа шыққан бойда өзін кейіпкер етіп, әннің дүниеге келуіне себепкер ретінде көрсеткен бәзбіреулер оның шығу тарихын бұрмалаған. «Шәмші біздің үйге жиі келетін. Мен ол кезде ақ бантик киген кішкентай қыз едім», «Ақ бантик тағып жүрген мына маған Шәмші ән жолдаған» т.с.с. жалған сөздер желмен бірге елге кеңінен таралып, ән тарихы ескерусіз қалған.
Шәмші Қалдаяқов біраз жылдар Алматыда тұрып, «Ана туралы жыр», «Қайықта», «Ақмаңдайлым», «Ақсұңқарым» т.с.с әндерді дүниеге әкеледі. Кейін туған өлкесі Шымкент қаласына қоныс аударып, ол жақта «Арыс жағасында», «Мойынқұмда», «Сыр сұлуы», «Ақ бантик» әндерін жазады.
Шәмші Қалдаяқов пен Мұхтар Шаханов
Бірде сазгердің Қаражан Әбіләзимов есімді досы шаңырақ көтеріп, тойына бір топ жолдастарын шақырады. Араларында сазгер Шәмші мен ақын Мұхтар да бар. «Тойға берер сыйымыз кәне? Одан да ән арнайық» деп ән жазуға кіріседі. Қаражан достарының жұбайы жаңадан мектеп бітірген балауса қыз екен. Осыны арқау етіп, ақын мен сазгер «Ақ бантик» әнін дүниеге әкеліп, жолдастарының үйлену тойында тарту етіп, шырқап береді. Әу баста, әннің сөздері өзгеше болып, кейін өзгертілген екен.
«Ақ бантик» әні талай әншінің ән қоржынына енді. Бұл әнді қазақ саз өнерінің майталмандарымен қатар, жас орындаушылар да сынын бұзбастан орындап келеді.
"Ақ бантик"
Сөзін жазған: Мұхтар Шаханов
Әнін жазған: Шәмші Қалдаяқов
Балауса қыз едің бір кезде,
Шашыңа ақ бантик байлаған.
Өзгеріп кетіпсің бұл күнде,
Көркіңе көз тастап ойланам.
Жол жатыр шақырып алдыңда,
Өмір тұр ұсынып шаттығын.
Білмеймін ержетіп қалдың ба,
Шашыңда ақ бантик жоқ бүгін.
Қайырмасы:
Нұрлы бейнең қандай жарқын,
Арманысың қандай жанның,
Шынарым-ай!
Сен мөлдірсің, еркем,
Тау бұлағындай.
Жылдардың еркіне бағындың,
Жылдарға қол создың, жан құрбым.
Белгісін балалық шағыңның,
Айтшы сен қай жерде қалдырдың?
Қайырмасы:
Нұрлы бейнең қандай жарқын,
Арманысың қандай жанның,
Шынарым-ай!
Сен мөлдірсің, еркем,
Тау бұлағындай.
Дайындаған: Ғазиза Ұзақ
Суреттер: vk.com, azattyq.org
writeFlash({"src":"https://www.youtube-nocookie.com/v/NvzTkSeLGk8?version=3&hl=ru_RU","width":"450","height":"330"});