- Негізгі бет
- Музыка
- "Ажырасу, түсік жасату":...
"Ажырасу, түсік жасату": Әлеуметтік тақырыпта бейнебаян түсірген жұлдыздар
Түрлі жағдай орын алатын әлемде адам болып қалу маңызды. Бір адам әлемдік деңгейдегі жағдайды өзгертпегенімен, ол өзін, айналасын және отбасысын өзгерте алады. Кей бейнебаяндар күлдіреді, жылатады, ал біреулері ойландырады. Ендеше, қазақ эстрадасы жұлдыздарының әлеуметтік тақырыпта түсірілген бейнебаяндарын ұсынамыз.
Мирас Жүгінісов - "Жанамын"
Соңғы кездері желіде қызу талқыланып жатқан клиптердің бірі - Мирас Жүгінісовтың түсік жасау тақырыбына түсірілген "Жанамын" әнінің бейнебаяны. Жастардың сүйікті әншісі бейнебаян шыққанда клипте маңызды мәселе қозғалғанын жазған болатын.
"Аборт жасау - қазіргі таңда қоғамды маңызды мәлесе. Бұл клипте осы мәселені қозғадық. "Мүмкін сол бала елімізге пайдасы тиетін бала болар ма еді?!" - деген оймен?
Ән де адамның ішкі жан дүниесіндегі күрес жайында. Ашулы болып, қате шешім қабылдап қоймаңыздар!
Клипті көріп, әнді тыңдап, өздеріңізге керегін алсаңыздар болады", - деп жазды әнші инстаграм парақшасында.
Алайда бұл бейнебаян айналасында дау туындады: екіжақты пікір пайда болды. Клипті көріп, сапалы түсірілгені және осындай маңызды мәселені қозғағаны үшін алғыс айтып, қолдағандар болды:
"Қашанда жоғары деңгейде. Мағынасы да, клип те, музыка да өте жоғары деңгейде. Тоқтамаңыздар, тек алға"
"Осы бауырымызға және командасына мың алғыс...әндері мен клиптері мәнді, мағыналы...тыңдаудан жалықпайсың! Сәттілік!!!"
"Керемет Мирас , өнеріңе тәнтіміз! Өте өзекті мәселе, көзге жас алмай қарау мүмкін емес ! Клип пен әннің бір-біріне дұрыс қойылуы ол жетістік , өйткені әр көрерменнің санасына жетеді ! Рахмет. Бәріде мағынасын дұрыс түсінер… Ал сізге шығармашылық жетістіктер тілейміз!"
Бірақ әншіні біржақты көзқараспен қана түсірілген клип үшін кінәлағандар да көп болды:
"Мирастың өзін, шығармашылығын сыйлаймын, бірақ бұл даулы тақырыпты қозғамай-ақ қою керек еді. “Аборт” жайлы айтатындай Мирас әйел адам емес, екіншіден өзі әлі отбасын құрмаған, бала өсіріп көрмеген. Қош делік, бұл тақырыпты қозғасы келіпті, онда клипті басқаша түсіру керек еді. Клипте қыз екіқабат болып қалады, жігіті тастап кетеді, ата-анасы қарсы, ең соңына келіп “таңдау сенің қолыңда” деп бүкіл жауапкершілікті тек қыздың мойнына іледі. Әдеттегідей!!! бүкіл жауапкершілік, ауыртпашылық қыздың мойнында!!!"
"Сіздің шығармаларыңыз қатты ұнайды, бірақ бұл тақырыпқа келіспеймін. Аборт бұл әр қыздың өзінің таңдауы. Ол қыздың өзінің денесі, ойы, өмірі. Оған біздің араласудың қажеті жоқ, біз оған төреші емеспіз. Әр түрлі себеп, әр түрлі жағдайлар болады. Әнді жазбас бұрын, осы тақырып жөнінде толық ақпарат алып, зерттеген жөн болар еді. Себебі бұл ән осындай жағдайда тұрған қыздарға кері әсерін, қысымын тигізуі мімкін деп ойлаймын".
"Ninety one" тобы - "Бәрі біледі"
"Ninety one" тобы "Замандас" подкастына келгенде қалай әлеуметтік феноменге айналғандарын айтты.
"Біз басында жай шығармашылықпен айналысқымыз келді. Бірақ қалай әлеуметтік феноменге айналғанымызды түсінбей қалдық. Осы уақытқа дейін "тіл" тақырыбын жиі қозғайтынбыз. Ал "Бәрі біледі" клипінде біз жалпы жаһандық тақырыпты қозғағымыз келді. Alem бөлмесінде - суицид, Bala бөлмесінде - ластық, Ace бөлмесінде - ақпараттық соғыс, менде - сөз еркіндігі, A.Z бөлмесінде үйдегі зорлық-зомбылық жайлы болды. Біз осыларды айна ретінде көрсетуге тырыстық. Бұлардан шығатын жол тек шынайы махаббат екенін айтқымыз келді. Махаббат болмаса, қалған заттардан мән іздеудің қажеті жоқ. Біз клипті түсірерде статистиканы зерттедік. Статистиканы көргенде таңғалдық. Әлем бойынша біз жастар арасындағы суицидтен 3-ші орында екенбіз", - деді ZAQ.
Бұл ән мен клип тек жағымды пікірлер жинады:
"Әлемнің үлкен проблемасын бізге музыка арқылы жеткізіп тұр.Керемет!"
"Бұл топты мүлдем тыңдамайтын едім... бірінші рет қарап таңғалып отырмын. Қазіргі таңдағы барлық маңызды мәселені бір өлеңмен және клиппен айтыпты ғой. Жарайсыздар! Біздің қоғамға керек нәрсе басынан соңына дейін"
"Өте тамаша ән, өте терең мағыналы. Барлығымыз табиғатымызды қорғауға сәл де болсын үлес қоссақ, нұр үстіне нұр болар еді. Тым болмаса қоқыс тастамасақ, қазіргі жағдайды ойласам, жүрегім ауырады. Сіздерге көп рахмет! Өте терең мағыналы ән! Қанша жыл өтсе де, осы әнді тыңдай бергім келеді".
2RAR - "Мен ешкімді сүймеймін"
2RAR лақап атымен белгілі әнші Тұрар Ыдырыс "Мен ешкімді сүймеймін" әніне ажырасу тақырыбында клип түсірген болатын. Ол көпшіліктің көңілінен шығып, барлық әлеуметтік желілерде белсенді тарап кеткен болатын.
Әнші "Түнгі студия" бағдарламасына келгенде клиптің танымал болып кететінін күтпегендігін айтты.
"Бұл бір айда 10 миллион жинаған бірінші клип болды. Бұл клиптің не үшін өте көп қаралым жиналғаны түсінікті. Өйткені қазіргі сәттегі қасіреттердің бірі - ажырасу тақырыбын қозғағанбыз. Сондықтан да адамдар бір-біріне жіберіп, тартты. Біз өзімізді солай тарап кететінін күтпедік", - деді Тұрар.
@tokyo_muz1 2Rar-Мен ешкімді сүймеймін? #менешкімдісүймеймін #ешкімұнамайды #2rar #2rarofficial #2rarmerei #senijiberemin #ertegiemes #tokyo_muz #fyp #elbruso ♬ оригинальный звук - Tokyo_muz
Алайда қазір бұл клип қазір желіде жоқ. Іс сотта қаралып жатқандықтан, клип өшірілгендігін жазған болатынбыз.
"Алашұлы" тобы - "Угәй"
Ұлттық стилімен ерекшеленетін "Алашұлы" тобы әрдайым тыңдармандарын ерекше бейнебаяндарымен қуантады. Солардың бірі - "Угәй" әніне түсірілген клип. Олар бұл бейнебаянда отбасылық құндылықтарға, бала тәрбиесіне аса мән беруге шақырады. Қазіргі дамыған технология заманында дастархан басында бір-бірлерімен сөйлесу, қамқор болу секілді қарапайым нәрселерді ұмытпаудың маңыздылығын қозғайды.
Kaliya - "Қыз тағдыры"
Kaliya лақап атымен танымал әнші Ақмаржан Күшербаева тыңдармандарына әлеуметтік тақырыпта түсірілген "Қыз тағдыры" әнінің бейнебаянын ұсынды. Клип соңында әрбір адамды ойландыратын статистиканы көруге болады:
"Жыл сайын Қазақстанда 100 бойжеткен қыздардың 30-ы бала туады. Салыстыру үшін Швецияда 1000-нан 4-еу. Ал Оңтүстік Кореяда - 2. Біздің елімізде жыл сайын 1000-нан аса бойжеткендер түсік жасатады. Қазақстанда 400 000-нан аса ана балаларын жалғыз тәрбиелеп өсіруде. Ресми мәліметтер бойынша, әр 8-ші қазақстандық әйел физикалық, жыныстық және психологиялық зорлық-зомбылық көреді".
Kaliya "Жақсылық амбассадорына" берген сұхбатында әркім адам өмірін сақтап қалуға ықпал ете алатынын айтады.
"Бұл менің қоғамда болып жатқан нәрселерге келіспеушілігімнен туындаған клип. Адам өмірі құнсызданып кетті. Бала туу - ұят, осылайша, қыздар өз балаларынан бас тартуға мәжбүр. Олардың өмірлерінде бір адам болсын кездесіп, "Саған не болды? Аяғың ауыр екенін жігітіңе айттың ба? Ата-анаңа ше? Көмек керек пе?" деп сұраса, жағдай басқаша болар ма еді. Себебі көпшілік қыз ұрысады деп ойлап жағдайын жақындарына айтпайды. Алайда ата-анасы баласын қолдайтын болып шығады. Бірақ ата-анасы да, жігіті де бас тартатын жағдайлар да бар. Бұл кезде олар не істерін білмейді, далада проблемасымен өзі қалады. Іші шығып келе жатқан қызды 9 ай бойы ешкімнің байқамауы мүмкін емес. Біз қоғамда өмір сүреміз. Мысалы, ол оқу орнында оқитын қыз болса, құрбысы немесе мұғалімі оның жағдайын сұрап, көмектессе екен деймін. Менің айтқым келетіні, біздің айтқан әр сөзіміз немесе тигізген қол ұшымыз біреудің өмірін сақтап қала алады", - деді әнші.
А. Жапатова