Ахмет Байтұрсынұлының кеңінен зерттелмей жүрген бір қыры бар. Ол – музыкалық өнері. Бір басына саясат, ағартушылық, ғалымдық, ақындық пен жазушылық өнерді сыйғыза білген Ахметті қазақтың ән мен күйлерін жеткізуші ретінде білеміз бе? Жазбамыз да осыған қатысты болмақ.
Оның домбыра, скрипка және фортепиано аспаптаптарында еркін ойнай білгені туралы замандастарының естеліктері бар. Домбыраны өз ауылында, туған жерінде ауыл өнерпаздарынан үйренді деп айтуға болады. Ал, скрипка мен фортепианоны Орынборда оқуда жүргенде меңгеріп алуы әбден мүмкін.
Міржақыптың қызы Гүлнар апамыз «Ахмет ағаның ән салғанын естідім» деп есіне алғаны Александр Затаевичтің мына бір пікірмен үндеседі: «Байтұрсынов өз арасында аса жоғары беделге ие, домбыра тартуды жақсы меңгерген, халық әндері жайында көп мағмұлат берген адам. Өз басым оған дән ризамын. Торғай, Қостанай, Ақтөбе, Бөкей, Семей губернияларындағы әндерді маған айтып берді, дәптеріме жазып алдым. Жалпы қазақ тарихы мен этнографиясы жайында білімі мен үшін көп көмек болды».
Ахмет атамыз Затаевичке 25 ән және екі күйді жаздырған. Оны зерттеушінің «Қазақ халқының 1000 әні» жинағынан кездестіруге болады. Әрине, атамыздың білгені осымен шектелді деп айта алмаймыз. Ғалымның екінші еңбегі «Қазақтың 500 ән-күйі» кітабына да асыл қазыналарды беруі әбден мүмкін.
Енді Байтұрсынұлы композитор да болды деген пікірлерге тоқталып өтсек. Ел арасында жүріп, әртүрлі деректерді жинаған этнограф-ғалымдар Ахмет атамыздың бізге жеткен алты әні, бір күйі бар дейді. Олар: «Аққұм», «Шилi өзен», «Екi жирен», «Қарғаш», «Қараторғай», «Қарагөз» атты әндер және «Ілме» деген күй.
Тағы да «Қазақ халқының 1000 әні» атты кітабына зер салсақ, Ахаңды тек жеткізуші ретінде ғана береді. Басқа әндерде де «шығарған адам», яғни композитор деген түсініктеме жоқ. Тек «әнді жеткізуші» деген жазуды ғана оқуға болады. Тіпті, «Қарагөз» әніне мынадай түсініктеме беріпті: «Бұл ән Байтұрсыновтың айтуындағы нұсқасы халық арасында кең таралған» дейді.
Көріп отырғанымыздай зерттеушінің «Байтұрсынов ән шығарған» деген мәліметі жоқ. Тек жеткізуші ғана. Замандастарының да бірде бірі «мынандай әні бар еді» деген дерегін кездестірмейміз.
Бұл ойымызды әнші Еркін Шүкіман да құптап отыр. Пікіріне назар аударайық: «Ахаң жеткізген әндер нотасының жоғары жағында «жеткізген, яғни сообщил Байтурсынов Ахмет» деп берілген. Яғни, Ахаңды автор деп жазбаған. Сондықтан Ахмет Байтұрсыновты қолдан композитор жасаудың қажеті жоқ. Мүмкін Ахаң осы әнді сүйіп орындаған шығар. Орындады екен деп ән авторы қылуға болмас деп ойлаймын».
Осы ретте Ахметтің күйі деген «Ілмеге» тоқтала өтейік. «Ілме» күйі Қаратау өлкесінде Сүгір Әлиұлы есімді күйшінің туындысы дейді. Десе де соңғы жылдары халық арасында «бұл Ахметтің күйі» деген әңгімені естіп жүрміз. Оған дәлел мынау екен: күйді бізге жеткізген Жаппас Қаламбаев есімді өнерпаз Алаш қайраткерлерімен тығыз байланыста болған. Халық жауы атанып, есімін атауға болмайтындықтан өз ұстазы Сүгірдің күйі деп айтып жүрді. Бірақ күйдің құрылымына қарап, ел ауызында жүрген әңгімені естігендер «Ілме» Ахметтікі дейді.
Ахмет атамыз күйтану саласына да аянбай тер төккені анық. Өз қолынан шыққан «Қазақ» газетінде күйлер туралы бірқатар мәліметтер берген. Атап айтсақ, аймақтық күй тарту ерекшеліктері, Орталық пен Батыс Қазақстан күйлерінің құрылымдық өзгешіліктері жайында жазып отырады. Сонымен қатар, «Әдебиет теориясы» еңбегінде қазақ музыкасы теориясына, оның ішінде ән мен күй теориясына қатысты алғашқылардың бірі болып жазады. Әнмен қоса әншілерге де тоқталып, Әміре Қашаубаев, Иса Байзақов сынды өнерпаздар жайлы ойын ортаға салған.
Біз үшін Ахмет Байтұрсынұлының композитор болғаны емес, жан-жақты білімі бар, өнерпаз ретінде де көрінуі маңызды. Халыққа оның тектілігін, бекзадалығын көрсету, басқаша қырынан таныстыру. Қалай болғанда да Ахмет болса, өз биігінде қала бермек.