Түрік әнші-орындаушысы, продюсер Таркан бізге 90-жылдардан таныс. Шығыстық сарындағы талай әндері қазақ тойларының сәнін келтірген бұл өнерпаз тек түркітілдес халықтар арасында ғана емес, бүкіл Еуропа мойындаған "Поп музыка ханзадасы".
"Rhapsody" музыкалық порталы оны Şımarık әнінің рейтингіне байланысты еуропалық поп-музыка саласындағы маңызды тұлға деп таныды.
Тарканның альбомдарының 19 миллион данасы сатылған. Солардың бірнешеуі платиналық. Аса беделді The World Music Awards марапатын алған. Таркан — ағылшын тілінде бір де бір ән айтпай Еуропаға танылған жалғыз әнші.
Бүгін әншінің туған күні екен, осыған орай оның өміріне қатысты бірнеше қызықты дерек ұсынуды жөн көрдік.
► Таркан түрік болғанымен, Германияда дүниеге келген. Түркияда болған экономикалық дағдарыс кезінде аталары осы елге қоныс аударған. Бір қызығы, әкесінің туыстарының барлығы әскери қызмет атқарған. Ал атасы – "Орыс-түрік соғысының қаһарманы".
► Анасы Тарканға аяғы ауыр болған кезде жол апатына ұшырап, комаға түседі. Дәрігерлер баланы алдыруға кеңес бергенімен, әкесі рұқсат етпей қояды. Оның түсіне "маңдайында жұлдызы бар бала" еніп, аян береді.
► Есімін 1960-шы жылдары Түркияда танымал болған кітап кейіпкерінің құрметіне қойған екен. Бірақ, біз білетін Таркан – оның екінші есімі, біріншісі – Хюсаметин (Hüsamettin). Түркі мифологиялық кейіпкерінің аты "өткір қылыш" деген мағына береді.
► Әнші жақын досы әрі адвокаты Шюхейл Атаймен Францияның Марсель қаласындағы кафелердің бірінде отырады. Бұл оны Түркияда ғана танымал болған кезі еді. Өз еліндегі фанаттарынан аяқ алып жүре алмайтындықтан болса керек, "Мен Францияда қалаған жерімде қыдыра алам"- дейді досына. Ол: "Бір жылдан кейін сен Еуропада да танымал боласың, Францияда бұлай жүре алмайтын хәлге жетесің әлі" - деп үміттендіреді Тарканды. Сол кезде сыртта қайыр сұрап отырған әйелді көріп, "Эхх солай болуы үшін мен қолымдағы бар ақшамды ана қайыршыға беруге де дайынмын" - деп сыртқа шығып, қалтасындағы барын бере салады. Әлгі қайыршы "Бұл жасағаның саған мың есе қайтады" - деген екен.
► 21 жасында жарық көрген алғашқы альбомы Еуропаның "Шығыспен ауыруының" бастауы болды. Бұдан кейінгілері де сол дәрежеден түспеді. Тек түрік тілінде ән салып, тұтас құрлықты мойындатқан әнші кейін өзге елдік тыңдармандарының көңілі үшін әндерінің ағылшын тіліндегі нұсқаларын жаза бастаған.