Ағылшын сазгері "Алдаспанды" жоғары бағалады

Тұманды Альбионның ерекше дарыны Қазақ еліне бүгін ұшақпен қонған бойда Tengri FM радиосының студиясына келіп, ұлттық домбыраның заманауи (электронды) сарынын орындайтын «Алдаспан» тобының домбырашыларымен кездесіп, ұлттық күйлеріміздің жаңа стильде орындалуын тыңдап, өз бағасын берді. Біз де ол кісіден Tengri FM-нің студиясында сұхбат алуға асықтық.


– Жалпы өзіңіз туралы және не мақсатпен Қазақстанға ат басын бұрғаныңыз жайлы қысқаша айтып өтсеңіз.

– Менің есімім Джозефина Бертон. Мен Ұлыбританиядағы Dash Arts өнер ұжымының арт-директорымын. Менің жұмысым шығармашылық топтармен өте тығыз байланысты. Жалпы театр қойылымдардарындағы музыкалық сүйемелдеумен айналысамын. Ал бұл жерге келудегі мақсатым посткеңестік елдерінің ұлттық әуендерін тыңдап, олардың ұқсастықтары мен айырмашылықтарын ескере отырып, Лондонда болғалы жатқан жаңа жобадағы  қойылымға айрықша  бір әуенді жасамақшымын. Әзірге бұрынғы кеңес елдерінің біршамасында болып, ондағы жиырмаға жуық сазгерлермен кездестім.

– Ендеше сіз осыдан бірер сәт бұрын «Алдаспан» тобының орындауында бірнеше композицияны тамашаладыңыз. Берер бағаңыз қандай?

– Иә, өте керемет композиция. Бұл менің Қазақстанға жасаған алғашқы сапарым болғандықтан,шынымды айтсам, мынадай ерекше этникалық музыканың заманауи сарында шығуы өте тамаша екен.  Сондай-ақ, Ташкентте де осыған ұқсас этникалық музыканы тыңдаған болатынмын. Олар біршама үйлес болса да, әр ұлттың музыкада өзіндік ерекшеліктері байқалады.

– Сіздің жалпы осыған дейін The Spirit of Tengri заманауи  этникалық музыка фестивалі туралы естуіңіз бар ма? Бар болса, ол жайлы не айта аласыз?

Иә, мен ол фестиваль жайлы бұрын естігенмін. Өткен жылы фестиваль барысын онлайн түрде қызыға көрген болатынмын. Түрлі-түрлі музыкалық туындылардың жаңаша бағытта орындалғанының куәсі болдым. Алтайдан, Сібірден және басқа да Орта Азияның елдерінен келген музыканттардың өнерін тамашалап, осы аймақтағы музыка өнеріне барынша қанық болу мақсатында іс-сапарымды осы жылға жоспарлағанмын. Сол қызығушылық мені Қазақстанға ертіп келді. Және сол фестивальдің осы жылғы бағдарламасы жайлы білгім келеді.

– Жалпы біздің заманауи этникалық музыканың өзге де сіз білетін ұлттардың сарынынан айырмашылықтары бар ма екен? Болса, қандай?

Мен бұл жерге соны салыстырып үйрену үшін келдім, әзірге нақты ештеңе айта алмаймын, себебі мен әлі зерттеуімді соңына дейін аяқтаған жоқпын. Мысалы, кеше Ташкентте менімен жолыққан пианиношы өздерінің дәстүрлі мақамын джаз жанрына салып ойнап жүр екен. Одан бұрын әзірбайжандық пианиношы да тура ташкенттік секілді джаз жанрында орындап еді. Ал мен осы ұқсастықты ташкенттік әріптесіме айтсам, ол: «жоқ, ол былай ойнайды, ал мен былай» деп көрсетіп берді. Дегенмен, мен оны ажырата алмадым. Алда соның шама-шарқын жақсылап үйренбекпін.

– «Алдаспан» тобының орындауындағы этникалық музыка сізге қазақ ұлтының болмысы мен дәстүрін көрсете алатындай әсер етті ме?

Иә, орындау барысында сіздердің дәстүрлі музыкаңыздың бір бөліктері әуенге араласып, жаңа туындыны дүниеге келтіріп отыр. Тәуелсіздігіне енді жиырма жылдан астам уақыт болған Қазақстан музыка саласында жаңа шыңдарды бағындырып, жаңаша әуендердің пайда болуына септігін тигізуде. Сонымен қатар, оған өз ұлтының дәстүрлі музыкалық аспаптарын бағамдап қосып, дамытып жатыр. Сіздердің ұлттық аспаптарыңыздың орындауындағы әуен маған сіздің ел туралы көп мағлұмат береді.

– Ал сіздің ұжымыңыз посткеңестік аймақтың дәстүрлі музыкасы орындалатын ауқымды жобаңыздың тұсау кесері қайда және қай уақытқа жоспарлап жатыр?

– Ол Ұлыбританияда болады. Дегенмен, нақты уақыты белгісіз.

– «Алдаспан» тобына айтар тілегіңіз болса, айта кетсеңіз.

– Жас ұжымға шығармашылық табыстар, әсем әуеннің тапқыры болуларын тілеймін. Және сондай-ақ, мына дәстүрлі аспабыңызды (домбыраны) қалай электронды етіп жасағандарыңызға таң-тамаша болып отырмын және ол туралы көбірек білгім келеді.

– Ол жайлы сізге біздің домбырашылар сұхбаттан кейін айтып бермек. Ал жақсы, сұхбатыңызға көп-көп рақмет, Бертон ханым. Қош сау болыңыз!

 

Естеріңізге сала кетейік, The Spirit of Tengri заманауи этникалық фестивалі осы жылдың маусым айының 7 жұлдызында Республика сарайының алдында болады.

Сұхбаттасқан: Жолдас Өрісбаев

Сурет: Джозефина Бертонның жеке мұрағатынан