ADAM алғашқы кезеңде 9 орынға ие болды

ADAM алғашқы кезеңде 9 орынға ие болды

Қазақстандық орындаушы ADAM "Жаңа толқын - 2013" халықаралық жас орындаушылар фестивалінің алғашқы байқауында тоғызыншы орынға табан тіреді.

Фестивальге қатысушы жас әншілер байқаудың шарты бойынша алғашқы күні әлемдік әндерді орындауы керек болған. Отандасымыз ADAM Билл Уэлтердың "Ain't no sunshine" әнін шырқады. Әділ-қазылар орындығына жайғасқан Валерия және Константин Меладзе, Игорь Крутой, Валерия, Игорь Матвиенко, Игорь Николаев, Тото Кутуньо және Лайма Вайкуле сынды атақты әншілер қазақстандық жас әншінің өнерін 113 балмен бағалаған.

Сайыстың алғашқы кезеңінің көшін кубалық орындаушы Роберто Кель Торрес бастап тұр. Ол қазылар алқасынан 121 балды еншіледі. Ал екінші орынға грузиялық жас әнші Саломе Катамадзе 120 балмен жайғасты. "Fruktы" атты ресейлік топқа 118 балмен үшінші орын бұйырды. Қырғызстандық жас орындаушы Айбек Бақытбеков әзірге он бірінші орында келеді. Айтпақшы, он бірінші орын екіге бөлінді. Өйткені Әзірбайжан ұлтының намысын қорғамақ болып келген жас әнші Чингиз Мустафаев та қырғызстандық жас орындаушы Айбек Бақытбеков секілді 109 бал жинаған.

Фестивальдің екінші күнінде жас орындаушылар көрермендер мен әділ-қазылар алқасына "Өз елдерінің үздік әндерін" тарту етпек. Ал жеңімпаздарды 28 шілде күні қорытынды ретінде өтететін гала-концертте хабарлайтын болады. "Жаңа толқынның" сыйлық қоры 100 мың еуроны құрайды. Жеңімпаз осы қаржылай сыйлықтың тең жартысымен қанжығасын майламақ. Ал екінші орынды алған қатысушы 30 мың еуроға ие болса, үшінші орынды еншілеген жас әнші 20 мың евроны қанағат тұтпақ. Сонымен қатар, басқа қатысушылар да сыйлықсыз және мараптасыз қалмақ емес. Көрермен көзайымына айналған орындаушыға "Муз-ТВ" арнасы өз сыйлығын дайындап отыр. 

Қазақстандық жас әнші ADAM-ның "Жаңа толқын - 2013" халықаралық жас орындаушылар фестиваліндегі алғашқы сыны:

Дайындаған: Ақерке Әбілхан

Сурет: tengrinews.kz

Видео: youtube.com

А. Әбілхан