"Адалдық өткелі" - үлкен сенімнен туған ән

«Музарт» тобының мүшесі, әнші Кенжебек Жанәбіловтың жеке орындауындағы «Адалдық өткелі» әні халықтың ерекше ықыласына бөленуде. Сазы мен сөзі үйлесім тапқан әсем әннің астарында үлкен мағына жатқандай.

Әннің сөзін белгілі айтыскер ақын Ақмарал Леубаева жазған. Шымкент қаласының тумасы әнші Хадиша Сейітова ақын әпкесіне жолығып: «Ойнақы, жеңіл ән жазып беріңізші» деп қолқа салады. Әнші сіңлісінің өтінішін аяқ асты қылмастан ақын өлең шығарып, сол арада әуенін де жазады. «Адалдық өткелі» ертеңгі күнге, келер жақсылыққа деген үлкен үміт-сенімнен туған ән. Ақын Ақмарал бір сөзінде: «Бұл өлең жолдарының жазылуына Сүлеймен пайғамбар туралы аңыз арқау болғандай. Оның жүзігінде «Бәрі де өтпелі» деп жазылған. Аң-құс тілін біліп, бабын тапқан, қайғы-қуанышты қатар көрген пайғамбар осы сөзден жұбаныш тапса керек. Адамның басынан небір қиын сәттер өтсе де ол мойымай, өзіне сенім артып, алға басуы керек» деген еді.

Күндердің күнінде ақын қарындасының «Адалдық өткелі» өлеңін сазгер Жарылқасын Дәулет оқып, ұнатып қалады. Қайда барса да гитарасын өзімен бірге көтеріп жүретін сазгер ыңылдап отырып, әдемі әуенді дүниеге әкеледі. Сазгер жадында сақтаған қарындасының өлеңін салғанда оған әдемі ән туғандай болып көрінеді. Кейін оны диктофонға жазып алып, бірақ, ән жазғанын естен шығарып алады. Ән сазгердің қоржынында бір жарым жыл шаң басып жатып қалады. Бір күні сазгерге әнші Кенжебек Жанәбілов келіп, екеуі ән тыңдап, талдап отырады. Сазгер есіне ұмытылып кеткен «Адалдық өткелі» әні түсіп, оны әнші інісіне айтып береді. Кенжебек әнді бірден ұнатып, алып кетеді. Алғаш рет сазгердің шығармашылық кешінде орындайды.


«Адалдық өткелі» әнін Ақмарал Леубаеваның мақамымен Хадиша Сейітова, Жарылқасын Дәулет мақамымен Кенжебек Жанәбілов айтып жүр. Қай нұсқасын қалай қабылдайтынын тыңдарман қауым өзі шешер. Бірақ та, Кенжебек Жанәбіловтың орындауындағы ән елге кеңінен таралып кетті. Көптеген концерттік кештер мен телевизиялық бағдарламаларда оырндалуда. Ал әнші Хадиша Сейітова орындауындағы нұсқасы қалың көпшілікке аса таныла қойған жоқ. Ғаламтор беттерінен де табу қиын.

Адалдық өткелі
Сөзі: Ақмарал Леубаева
Әні: Жарылқасын Дәулетов


Сүйетініме шүбәм жоқ,
Сүймей ме деген күмән көп.
Түсім бе деген тура жол,
Көрінбейді тұман боп.

Қайырмасы:
Бақытқа толы мұң-кесем,
«Жалған» дер дұшпан «шын» десем.
Қай жаққа болсын кетер ем,
Қолымнан ұстап «жүр» десең.

Көзіңді жұмып тұнығым,
Соңымнан ерші, құлыным.
Өзгелер қолы жетпеген,
Өзіңмен өтсін ғұмырым.

Қайырмасы:
Бақытқа толы мұң-кесем,
«Жалған» дер дұшпан «шын» десем.
Қай жаққа болсын кетер ем,
Қолымнан ұстап «жүр» десең.

Тағдырға сенбей болмайды,
Шын бақыт екі қонбайды.
Адалдық дейтін өткелден,
Көп адам өте алмайды.

Қайырмасы:
Бақытқа толы мұң-кесем,
«Жалған» дер дұшпан «шын» десем.
Қай жаққа болсын кетер ем,
Қолымнан ұстап «жүр» десең.

Дайындаған: Ғазиза Ұзақ

Суреттер: dastan-studio.kz, aitysker.kz, halyksozi.kz

writeFlash({"src":"https://www.youtube-nocookie.com/v/lVUgE_41keQ?version=3&hl=ru_RU","width":"450","height":"330"});