Астана Опера театры Италияға гастрольдік сапармен жол тартпақ. Ұжым 8 және 10 қараша күндері атақты генуялық Карло Феличе театрының сахнасында өнер көрсетеді. Әккі көрерменнің назарына А.Жұбанов пен Л.Хамидидің Абай операсы, сонымен қатар Л.В.Бетховеннің №9 Симфониясы ұсынылады. Гастроль ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен Рухани жаңғыру бағдарламасы аясында өтеді. Дирижерлік пульт басында ҚР еңбек сіңірген қайраткері, Астана Опера театрының бас дирижері, әлемге әйгілі маэстро Алан Бөрібаев. Оның партитураны жеткізе білуі ерекше: музыкалық материал анық-қанық түсіндіріліп, ой шыңының асқақ биігінде оқылған. А.Бөрібаевтың басқаруындағы оркестрдің үні де айрықша. Абай опералық спектаклінде басты партияны орындаушылар: Абай Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Сүндет Байғожин, Жанат Шыбықбаев; Ажар Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, ҚР мемлекеттік сыйлығының лауреаты Майра Мұхамедқызы, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Жаннат Бақтай, Айдар халықаралық байқаулардың лауреаты Мейір Байнеш, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұрлан Бекмұхамбетов; Әзім Бейімбет Таңарықов, Рамзат Балакишиев; Жиренше Евгений Чайников, Қазыбек Досмұхамбетов; Қарлығаш халықаралық байқаулардың лауреаттары Татьяна Вицинская, Малика Минизини; Көкбай Талғат Ғалеев, Ержан Саипов; Сырттан Арменияның Халық әртісі Барсег Туманян, Болат Есімханов; Нарымбет Рамзат Балакишиев, Ерулан Кәмел; Мес Шыңғыс Расылхан, Хайдар Мұстапин. Қазіргі заманның атақты сценографы Эцио Фриджерио мен костюмдер бойынша суретші Оскар сыйлығының лауреаты Франка Скуарчапиноның керемет үйлескен шығармашылық жұбының операны жасау бойынша атқарған жұмысына көрерменнің бей-жай қалмайтыны анық. Бірегей сценография ақынның ішкі жан-дүниесін ашқандай: итальяндық өнерсүйер қауым Абайдың жұмыс орнынан алтын түсті орасан зор кітапхана, глобус, армиллярды ... көре алады. Ал бөлменің есігі таңданған жұртшылықтыңалдында айқара ашылады.Соңғы көріністе пайдаланылатын 3D-технологиясы өте орынды қосылып, шаттыққа толы әсерге бөлейді. Астана Опера МОБТ қойылымындағы Абай операсы 2018 жылғы Әдебиет және өнер саласындағы мемлекеттік сыйлық алуға ұсынылып, екінші кезеңіне өткенін айта кеткен жөн. Музыка сыншылары аталмыш сахналық қойылымның алыптығын, көпқырлылығы мен ауқымдылығын бірнеше рет атап өтті. Ол Қазақстанның опера өнерінің жаңа кезеңі болып табылады және әлемнің үздік сахналарында талай рет ұсынылатыны сөзсіз. Карло Феличе театрының басшылығы итальяндықтардың Астана Операның Нью-Йорк, Париж және Еуропа мен АҚШ-тың басқа да қалаларында сәтті өткен гастрольдері жайлы естіп, қанық болғандығын жеткізді. Бұл Италияның опера тарихындағығаламат Абай спектаклінің тұңғыш орындалуы болмақ. Оқиғаға ерекше маңыздылық үстейтін оның қазақ тілінде қойылуы, - деп атап өтті Карло Феличе театрының дирижері Джузеппе Акуавива. Бұдан бөлек, Астана Опера театрының ұжымы генуялық көрерменнің назарына Л.Бетховеннің №9 Симфониясын ұсынады. Шиллердің Қуаныш одасының мәтініне жазылған симфониядағы хордың финалы туындының идеясын айтарлықтай аша түседі. Кезінде цензураның талаптары ақынды оданың түпнұсқадағы Бостандық деген атауын бейтараптандырып, Қуаныш етіп өзгертуіне мәжбүрлеген. Симфония зұлмат күнде де озық идеалдардың өміршеңдігін еске салатын, адам реакциясының батыл қадамын паш етіп, күрескер жанның жалғыз еместігін әрі бірігудің бостандыққа апарар жол екендігін баяндайды. Симфония тек техникалық тұрғыдан ғана күрделі емес, ол асқан эмоциялық құштарлықты талап етеді. Бетховеннің өмір сүріп, талай туындыларды дүниеге әкелген Вена қаласында білім алған және веналық классикалық дирижерлік мектебінің өкілі Алан Бөрібаев Симфониялық оркестрге дирижерлік етеді. Сонымен қатар, концертке ҚР еңбек сіңірген қайраткері Ержан Дәуітовтың жетекшілігімен Астана Опера мен Карло Феличе хор әртістері, сондай-ақ жетекші солистер Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері тенор Нұрлан Бекмұхамбетов, сопрано Жұпар Ғабдуллина, меццо-сопрано Дина Хамзина қатысады.