- Негізгі бет
- Музыка
- Абай Аймағамбетов: "Әлі-ақ...
Абай Аймағамбетов: "Әлі-ақ көштің алдына шығатыныма сенімдімін"
Эстрадамыздың жас әншісі Абай Аймағамбетов жақында өзінің "Құттықтаймын" әніне бейнебаян түсірген болатын. Аға буын әншілерден тәлім алып, өнерде өз жолын тауып келе жатқан жас әншімен азды-кемді сұхбат құрып едік.
- Абай, алғаш әншілікке қалай қадам бастыңыз, не түрткі болды? Аға буыннан кімге қарап бой түзеп келе жатырсыз?
- 5-6 жасымда үйге келген қонақтардың алдына шығып, «Сағындым сағым жылдар» деген Мәдина апамыз орындайтын әнді айтатынмын. Тіпті, шығып ән айтып жатқанымда ата-анамның өзі де таңғалып қарап қалатын. Кейін келе айтқан әніме сол қонақтардан ақша жинай бастадым. Тіпті, құран оқытатын құдажолылардың өзінде ән айтып, ақша жинап шығатынмын. Өстіп жүріп, 5-6 сыныптарда аудандық, облыстық әдеби-мәдени кештерге, ақындар айтысына қатыса бастадым. Ән сабағынан берген Нұрсұлу деген апайыммен өнер турасында жиі ақылдасып келдім.
Төргі бөлмедегі үлкен айна – менің «республика сарайым» болатын...
Жалпы, әкемнің Бақыт деген туған інісі ерекше өнерлі жан еді. Үйге келген сайын кез келген аспапта ойнап, ән айтып, думанға бөлеп кететін. Әнге, өнерге деген қызығушылығым да сол кісінің ықпалымен басталса керек.
Аға буын әншілерді бөліп-жаратыны жоқ, қазіргі жас әншілердің Мейрамбекке, МузАРТ-қа, Досымжанға еліктемейтіндері кемде-кем шығар. 8-9 сынып оқып жүргенде «Жігіттер» тобының таспасын сатып алып, сондағы барлық әнді басынан аяғына дейін әрқайсының орындауындағы шумақтарын жеке-жеке әншісі болып (Бірде Ердостың, сол әнді басынан аяғына дейін қайтадан Айдардың орындауындағы жерлерін дегендей) түгел айтып шығатынмын. Төргі бөлмедегі үлкен айна – менің «республика сарайым» болатын. Қазір де «Жігіттер» тобының, Еркін Нұржановтың ән таңдауын, сахнадағы салмақтылығын бағалаймын.
- Бірінші түсіріп отырған бейнебаяныңыз екен, қиынға түсті ме?
- Клиптің режиссері – талантты жас режиссер Мақсат Оспанов. «Мент», «Өкініш» фильмдерін, Еркін Нұржанов, Қайрат Нұртас пен өзге де белгілі өнер жұлдыздарының бейнебаяндарын түсірген тәжірибелі маман. Екеуміздің түсіреміз деп жүргенімізге көп болған. Тамыз айында сәті түсіп, бастап кеттік. Бас-аяғы екі күннің ішінде түсіру жұмыстары бітті.
Бұл әнді ҚазҰУ-дың филология факультетінің жатақханасында жастар гитарамен орындап жүрген.
Сценарий авторы да – Мақсат ағамыз. Бәрі де сәтімен болып кетті. Ән – жастарға арналған, көңілді бағыттағы қазақи ән. Авторы – Тәуірбек Бозекенов деген бауырымыз. Сөзін жазған – Бекзат Смадияр есімді ақын жігіт. Бұл әнді ҚазҰУ-дың Филология факультетінің жатақханасында жастар гитарамен орындап жүрген. Алғашында бірқатар достарым, өнердегі ағаларым «Құттықтаймын» деген атты ауыстыршы дегендей кеңес берген. Бірақ, әнді ерекше қылып тұрған әрі өзіндік айтар ойы бар болғандықтан, осылай қалдыра беру керек деп шештім. Бір қарағанда арнау ән сияқты болып көрінетін шығар, бірақ нағыз махаббатты жырлайтын ән екенін тыңдау барысында кез-келген адам түсінер. Әнді ұнатып, автордың ресми рұқсатымен былтырғы жылдың наурыз айында әнді жаздырдым. Репертуарымда жазылған алғашқы ән болғандықтан, клип түсірерде де таңдау осы әнге түсті.
- Әдемі әзілі бар бейнебаян екен, шыныңызды айтыңызшы, қаншаға түсті?
- Иә, қазірде бейнебаяндардың көбі мұң арқалап тұратын болды. Сондықтан, кішкене де болса көрерменге ерекше көңіл-күй сыйласын деген оймен барынша салмақтылығы мен әзілін таразының екі басына тең қоя отырып түсірдік.
Бұл бейнебаянның біраз шығынға түсірері сөзсіз еді...
Жалпы, бейнебаян сапалы түсірілген әрі өте сапалы монтаждалған. Оған әзіл-қалжыңға құрылған сценариі де үйлесіп тұр деп ойлаймын. Сондықтан, бұл клиптің біраз шығынға түсірері сөзсіз еді. Бірақ, режиссер Мақсат ағамыз өзімнің қамқор дос-ағам болғандықтан, менен көп қаржы талап етпеді.
- Бейнебаянға түскен қыздар әдемі екен. Оларды өзіңіз таңдайсыз ба?
- Өзім таңдап жататын уақыт болған жоқ. Бейнебаянның түсірілу жұмыстары да жоғарыда айтқанымдай, біз белгілеген уақыттан ерте басталып кетті. Сондықтан, режиссер менің таңдауым – осы қыздар деп көрсетті фотоларын. Мен де келістім. Тиісінше қыздар өз рөлдерін ойдағыдай алып шықты деп айта аламын.
- Айтпақшы, жеке продюсеріңіз бар ма?
- Жеке продюсерім жоқ. Әкімшілік, продюсер, музыкалық продюсерлер атқаратын шаруаның бәрін өзім атқаруға мәжбүрмін. Өнерлі достарым, ақылшы ағаларым, өнерде жүрген, журналистикада жүрген ағаларым бар, сол кісілер барынша көмектесуге тырысады. Қазір осы бейнебаянның ротациясына да өзім жүгіріп жатырмын. Ал демеушісі бар, қалтасы қалың продюсерлердің жобасына айналған жас әншілер бүгін түсіріп, ертең теледидардан айналдырып, шоудан шоуға шапқылап жүр. Бірақ, қазіргі жасап жатқан жұмысыма ризамын. Әлі-ақ көштің алдына шығатыныма сенімдімін.
- Шығармашылығыңызға байланысты жаңалықтарыңызбен бөлісе кетсеңіз. Қоржыныңызда қанша ән бар? Өмірде бағындырғыңыз келетін шың қандай? Мақсатыңыз не?
- Ән қоржынымда 8 ән бар. Өктем Алтаев, Бекжан Әшірбаев, Мұхтар Шаханов секілді майталман ағаларымыздың ақыл-кеңесін алып тұрамын. Сол кісілердің әндерін де орындадым. Бағындырғым келетін шың көп, әрине. Бұрын сол шыңдарға құр көз тастап қана қойсам, қазір біртіндеп өрмелеп, ұмтылып келе жатырмын деп ойлаймын. Мұның ішінде өнер де, отбасы бақыты да, басқасы да бар. Мақсатым - еліміздің өнер, журналистика саласындағы танымал тұлғасына айналу.
- Өнерге өлердей ғашық еткен не?
- Ауылда Адай деген баланың ән айтқанына ерекше қызығып, сол сияқты киініп алып ән айттым. Әлгінде айтқан Бақыт деген ағамның күй төгілтіп, ән шырқауы да делебемді қоздыратын. Теледидарда айтыс болып жатқанда жарық өшіп қалса, ол мен үшін кәдімгідей трагедия еді. Одан соң 5 сыныптан бастап өнердің дуына түстім де кеттім. Есейгенде де сол дудан, сол ортадан ажырап қалғым келмеді. Осылай жүріп, өнерге қалай ғашық болғаныңды білмей қаласың, соған титімдей болса да үлес қосқың келіп тұратынын түсінесің.
- Қай саланың білімгерісіз?
- 8 сыныптан бастап республикалық «Ұлан» газетінің жас тілшісі атандым. Ақыры, ҚазҰУ-дың Журналистика факультетіне түсіп, тәмәмдап шықтым. Бұл саланың да маған беріп жатқаны көп. Өнеріме кішкене болса да көмекші болып жатқан «Хабар» арнасы десем, артық айтқандық болмас.
- Қазақ жасы ретінде қоғамда, саясатта не мазалайды, ойландыратын жағдайлар бар ма?
- Ойландыратын жәйттар бар ғой қоғамда. Өз басым күн сайын ғаламтор арқылы саясатты, қоғамдық мәселелерді, спортты, мәдениетті көтеретін сайттар мен басылымдарды қарап шығуға тырысамын.
- Бос уақытыңызды қалай өткізесіз?
- Қолым қалт етсе, менің басты ермегім – футбол болады. Кейде, әлемдік доп додаларын көріп отырып, футболшы болмағаныма өкініп кетемін. Өйткені, бала кезімде кәсіби футболшы болуға барынша тырысып, аудан құрамасына да алынғанмын. Бірақ, анам спортқа кетуімді қалаған жоқ. Сосын, қасыңа жеміс-жидегіңді алып, жатып алып теледидар қарағанға ештеңе жетпейді ғой (күлді).
- Билікке ұмтыласыз ба?
- Алда қандай жұмыс күтіп тұрғанын кім білсін, бірақ бастық болып, бұйрық беруге соншалықты құштарлығым жоқ. Одан да айтқан әнімнен, айналысқан шығармашылығымнан ерекше ләззат алу мені шабыттандыра түседі.
Орта жастан асқан соң...
Дегенмен, орта жастан асқан соң маған сеніп, қандай да бір шаруаның тізгіні тапсырылар болса, абыроймен атқара алар едім.
- Әңгімеңізге рақмет! Шығармашылық табыс тілейміз!
Дайындаған: Фараби Арыстанбек
Сурет: Абай Аймағамбетовтің жеке мұрағатынан
Л. Лига