- Негізгі бет
- Музыка
- "X Factor" музыкалық...
"X Factor" музыкалық шоуының жетінші маусымы басталады
Әлемдегі танымал "X Factor" музыкалық шоуының Қазақстандағы жетінші маусымы басталады. Биылғы жеңімпаз 7 миллион теңге сыйақы алады. Бұл жайында жетінші маусымға арналған арнайы баспасөз мәслихаты кезінде айтылды.
"X Factor" – 2004 жылы Ұлыбританияда алғаш рет ұйымдастырылған телевизиялық форматтағы вокалдық байқау. Ал Қазақстанда 2010 жылдан бері ұйымдастырыла бастады. Осы аралық ішінде 6 маусымы өтіп, байқау жеңімпаздары анықталды.
Әнші болуды армандайтын, үлкен сахнада ән айтқысы келетін жастар көп. Сондай жастардың арманына қанат бітіретін жобалардың бірі - "X Factor" музыкалық шоуы. Алты маусым ішінде халықтың зор ықыласына бөленіп, жылдан-жылға телекөрермендерінің саны артқан "Еуразия" арнасының арнайы жобасы рейтингте жоғары нәтижеге ие. 2 жылдан кейін қайта оралған жетінші маусым 1 қыркүйек пен 2019 жылдың 5 қаңтары аралығында өтеді.
Аудиторияға қызықты болу үшін жыл сайын "X Factor" жобасы британдық форматқа сүйене отырып, көрермендерге жаңашыл тұстарын ұсынады. Жетінші маусымда да қатысушылар мен көрермендерді жаңалықтар күтіп тұр.
Жетінші маусымда алғаш рет байқау ережесіне өзгеріс енгізілмек. Қатысушылардың жас шектеуі 12 жасқа дейін қысқарады. Осыған дейін бұл жобаға 16 жастан асқан өнерпаздар ғана қатыса алатын еді. Ал қатысушылардың ең жоғары жасына ("X Factor" жобасының әлемдік ережелеріне сәйкес) шектеу қойылмайды.
- Бұл маусымда айтарлықтай жаңалықтар бар. Жас шектеуіне байланысты маған өтініш айтатындар көп еді. Бір-ақ ай қалды 16-ға толуына, болмаса 16 жасқа дейінгі таланттар қайда барады деген секілді сұрақтармен келушілер көп болды. Жалған құжат жасатқандар да кездесті. Нәтижесінде жас шектеуін 12-ге қысқарттық. Екіншіден, биыл қатысушылар видео арқылы да өз өнерлерін жолдай алады. Себебі бастапқыда келуге мүмкіндігі, болмаса ұялуы мүмкін. Үшіншіден қатысушылар кез келген музыкалық аспапта ойнап, өз өнерлерін көрсете алады. Қазақстандықтармен қатар шетелдік таланттардың да қатысуына мүмкіндіктері бар - деді "Бірінші арнаның" бас директоры Сергей Киселев.
Биылғы маусымда тәлімгерлік ететін қазылар алқасы құрамына ҚР Халық әртісі, әнші Нағима Есқалиева, музыкалық продюсер, радиожүргізуші, диджей Нұрберген Махамбетов пен ҚР еңбек сіңірген қайраткері, әнші Ділнәз Ахмадиева енген.
Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпарды анықтау үшін жобаның музыкалық продюсерлері Қазақстанның бес қаласында кастинг жүргізеді. Атап айтатын болсақ, 18 сәуірде – Өскемен қаласында (Мега ойын-сауық кешені), 20 сәуірде – Павлодарда (Giaconda ойын-сауық кешені) 22 сәуірде – Астанада (Jimmy Acha Acha караокесі), 24 сәуір – Шымкент қаласында (Atlas концерт холлы), 27-28 сәуір Алматыда (Smart Point креативті кеңістігі) өтеді. Сергей Киселев айта кеткендей, интернет арқылы да кастинг жүргізіледі.
"X Factor" жобасының жеңімпаздары неге танымал емес?
Қазақстанда талантты жастардың сахнаға шығуына септігін тигізген жобалар аз емес. Соның бірі – "SuperStar KZ" жобасы еді. Осы байқауға қатысқандар арасында қазір елімізге танымал әншілер жетерлік. Жас қанат байқауы талай жастың жұлдызын жарқыратты. Ал "X Factor" жобасының жеңімпаздары кей-кейде экранда жылт еткені болмаса, танымалдылыққа ие емес. Жеңіс биігіне көтеріліп, жанкүйерлердің ықыласын сақтап қалу, шоу-бизнес әлеміне сіңісіп кету оңай емесі тағы бар. Қазір бұл жобада бақ сынағандар арасында ел танитын өнерпаздар көп емес. Луина, Абдулкарим Каримов, Кентал мен Анатолий Цой ("М-бэнд") т.б. бар.
- Бұл байқау жеңімпазға танымалдылық пен зор қаржылай көмек береді. Егер жеке ісіне жұмсамай, тек шығармашылығына ғана шығындаса, өнерпаз көп тірлік атқарады. Жұлдыз болуы – өзіне байланысты. Тек өзіне ғана емес, талантына, еңбегі мен таңдаған продюсеріне де тікелей байланысты, - деді Нағима Есқалиева.
- Біз қатысушыларға мүмкіндік береміз. Ар жағын өздері шешеді. Біз көп әншілерді шоуға, бағдарламаларға шақырамыз. Көпшілігі "тойымыз бар, телеарнаға барғым келмейді, өзімнің табысым жетеді" деп қашқақтайды. Біздің арна жас таланттарға мүмкіндік береді. Бұл жоба да осы мақсатта жұмыс жасап келеді, - деді "Бірінші арнаның" бас директоры.
- Байқау жеңімпаздары атанбай-ақ, финалдық кезеңге шықпай-ақ танылған әншілер бар. Айқын бар, Мақпал бар, тағы басқалары. Финалда жеңімпаз дауыс беру арқылы анықталады. Оны біз емес, сіздер таңдайсыздар. Мақпал кезінде үздік ондыққа да ("SuperStar kz") енбеген әнші. Ал сол ондыққа енген әншілерді қазір ешкім тани бермейді. Ал Мақпал білікті продюсердің назарына ілігіп, шығармашылығын шыңдады. Сол секілді осындай жобалар арқылы жастар продюсерлер назарына ілігеді. Оның байқау жеңімпазы, не финалға өтуі маңызды емес. Ал қалай таңдайтынын продюсерлер өздері біледі, - деді әнші Ділназ Ахмадиева.
Әр ел жеңімпаздары қатысатын "X Factor" жобасын неге ашпасқа?
Қазір дарынды, талантты жастарды анықтайтын "X Factor" телешоуы әлемнің 40-тан астам елінде өткізіліп келеді. Ал сол байқау жеңімпаздарының басын қосып мега жоба жасау болашақ жоспарда бар ма екен? Бұл жайында "Бірінші арнаның" бас директоры Сергей Киселев жауап бере кетті.
- Аздап құпияны ашатын болсам, Азия елдері арасында ұйымдастыру идеясы болған. Бірақ жеңімпазды анықтаймыз? Қалай дауыс беруге болады? Біздің форматқа сай келе ме? - деген сұрақтар талқыланды. Араб елдері осы секілді байқау ұйымдастырған. Қорытындысында елдер бір-бірімен араздасып, реніштері көбейген. Әр елдің халық саны әртүрлі, менталитеті, танымы мен таңдауы басқа. Сондықтан бұл байқау иелері мұндай жоба ұйымдастырумүмкін емес деген қорытындыға келген. Себебі бұл жобаның форматы әр ел жеңімпаздары қатысатын байқауға сай келмейді – деді.
"X Factor" немесе өзге де жобалар арқылы жас таланттардың танылуына, шығармашылығын шыңдап, өнердің биігіне көтерілуіне шын жүректен тілектеспіз.
О. Сансызбай