Ыстамбұлда Turkvizyon-2015 байқауының гранд-финалы өз мәресіне келіп жетті.
Биылғы байқаудың бас жүлдесі 194 ұпай жинаған қырғызстандық әнші Жидешке бұйырды. Ал 185 ұпайға ие болған «Орда» тобы 2-орын алды. Түркиялық әнші Гөркем Дурмаз 175 ұпаймен 3-орынға табан тіреді. Ал «Бейбітшілік» сыйлығы Ирак елінен келген күміс көмей әнші Сырмалыға бұйырды. Сириялық әнші Әділ Шан «Көрермендер көзайымы» номинациясын жеңіп алды. «Әділ қазылардың арнайы сыйлығы» Германиядан келген Дерия Каптанға табысталды.
Айта кету керек, гранд-финалда Turkvizyon ән байқауының тарихында тұңғыш рет өткен жылы бас жүлдені жеңіп алған Жанар Дұғалова мен Bala Turkvizyon-2015-тің «Алтын дауыс» номинанты Тұрсынхан Еркін арнайы ән шырқады. Өнерпаздар қонақ ретінде шақырылған.
Естеріңізге сала кетейік, мұнда биыл 21 мемлекеттің ең үздік әншілері бақ сынасты. Халықаралық өнер сайысында біздің намысымызды «Олай емес» әнімен «Орда» тобы қорғады. Түркі тілдес мемлекеттердің мәдени-рухани байланысын нығайтуды көздейтін байқауға қазақ елі жыл сайын қатысып келеді. 2013 жылы Түркияның Ескишехир шаһарында алғаш рет өткен сайыста қазақстандық «Ринго» тобы 9-орыннан көрінсе, былтыр Татарстан астанасы Қазан қаласында әнші Жанар Дұғалова күллі өнерсүйер қауымның қошеметіне бөленіп, дүбірлі доданың бас жүлдесін иеленген болатын.
Дереккөз: 24.kz