- Негізгі бет
- Музыка
- Turkvizyon-2013 ән сайысы...
Turkvizyon-2013 ән сайысы аяқталды
Түркі тілдес елдер арасындағы алғашқы халықаралық кең ауқымды Turkvizyon-2013 ән сайысы өз мәресіне жетті. Жақында өткен финалда қазақстандық Rin’Go тобы 9 орынға ие болды. Байқаудың жеңімпазы әзірбайжандық Фарид Гасанов атанды.
Осы жылы түрік әлемінің мәдени астанасы атанған Түркияның Эскишеһир қаласында өткен ән байқауының финалында 12 елдің өкілі бақ сынасты. Түркия, Алтай Республикасы, Белоруссия, Әзірбайжан, Босния мен Герцеговина, Қырғызстан, Косово, Кипр, Татарстан, Өзбекстан, Украина және Қазақстан намысын қорғаған орындаушылар мен топтар соңғы кезеңге шыға алды. Олардың барлығы өз елдеріндегі іріктеу кезеңнен және осында болған жартылай финалдан өткен болатын.
Turkvizyon-да қазақстандық Rin’Go «Бірлікпен алға» атты жаңа әнмен шықты. Ән қазылардың да, жергілікті көрермендермендердің де, сол жақта жиналған қазақ жанкүйерлердің де көңілінен шықты. Түркиядағы ең үлкен және әлемдегі студенттер саны бойынша төртінші орында тұрған Анатолы университетінің 5 мыңдық спорттық аренасы көрермендерге лық толды.
Rin’Go тобының жігіттері ойнақы, ырғақты әнге сай би мен шоу-бағдарлама ойлап тауып, өз әндерін мінсіз орындады. Отандастарымыз мүмкін 240 ұпайдың ішінен 178 ұпайға ие болды. Әділ қазылардың 24 мүшесінің әрқайсысы көп дегенде 10 ұпай бере алды. Айта кетсек, қазылар арасында қазақстандық белгілі продюсер, әнші Қыдырәлі Болманов көрінді. Қыдырәлі Rin’Go жігіттеріне 10 ұпай берді.
Әзірбайжан елінің өкілі Фарид Гасанов «Йаша» («Өмір сүр») әнімен жеңіске жетті. Фарид 240 ұпайдың 210-ына қол жеткізіп, бірінші орынға шықты. Екінші орында Белоруссия орындаушысы Гюнеш (205 ұпай), үшінші орынды Украиналық Фазиле Ибраимова (200 ұпай) иеленді.
Фарид Гасанов
Түркия атынан шыққан Manevra тобының жігіттері де ерекше қошеметке бөленді. Олардың "Сен, мен, біз біргеміз" әні жергілікті көрермендердің үлкен қолдауына ие болды.
5 мыңдық стадионның екі трибунасына сыймай отырған қазақстандық жанкүйерлер де, жергілікті көрермендер де Rin’Go тобының жүлделі орынға ие болмағанына таң қалды. Жартылай финалдан кейін мамандар осы топты жеңімпаздар қатарында болатынын болжаған.
Эскишеһир жаңа әрі сәнді, заманауи ғимараттарға, көп қабатты үйлерге толы шағын қала. Түркияның солтүстік-батысында Анкарадан 250 шақырым жерде орналасқан қала ортасынан Поруск өзені ағып өтеді. Эскишеһир қаласының атауы "ескі қала" деп аударылады. Бұл "ескі қала" XIV ғасырдың басында Осман империясының астанасы болған.
Осы жылы бірінші рет өткен түркі тілдес елдер арасындағы ән сайысы Turkvizyon келесі жылы Татарстан астанасы Казань қаласында өтеді деп жоспарлануда.
Дайындаған: Сания Аринова
Сурет: Жазира Жанділдә, tengrinews.kz, commons.wikimedia.org, haber7.com, egepostasi.com
С. А