- Негізгі бет
- Музыка
- «Turkvisyon-2014» халықаралық ән...
«Turkvisyon-2014» халықаралық ән байқауына қатысуға өтініштер қабылдануда
2014 жылдың 19-21 қарашасы аралығында биылғы жылы түркі әлемінің мәдени астанасы атанған РФ Татарстан Республикасының Қазан қаласында түркітілдес елдер үшін ең маңызды музыкалық жыл жаңалығы «Turkvisyon-2014» ән байқауы өтеді. Бұл туралы «ADAM Media Group» компаниясының пиар менеджері Торғын Әбушахман хабарлады.
Аталмыш байқау көптеген мемлекеттер үшін «Евровидение» байқауын алмастыра алатын халықаралық деңгейдегі жаңа ән байқауы саналады. Әлемдік музыкалық өндірісте өзіндік ерекшелігімен орын алған байқау түркі музыкасының өкілдерін бір сахнада тоғыстыруды мақсат тұтады. Байқаудың аудиториясы 300 миллион көрерменді қамтиды.
Биыл бұл байқауда Әзірбайжан, Алтай Республикасы, Башқұрстан, Беларусия, Босния мен Герцеговина, Грузия, Қазақстан, Қытай, Қырғызстан, Македония, Молдова, Қырым Республикасы, Солтүстік Кипр, Татарстан, Түркменстан, Түркия мен Өзбекстанның үздік әншілері бақ сынайды. Қатысушылар түркі әлемінің үздік даусы атағы үшін бәйгеге түседі.
Қазақстан намысын әлемдік сахнада кім қорғайды?
Бұл сауалдың жабын табу мақсатында арнайы байқау жарияланды!
Қатысушылардың өтініштері 12 қазанға дейін қабылданады. Ұлттық іріктеу мен қазақстандық қатысушының байқауға қатысуы Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен өткізіледі. 2014 жылдың 15 қазан күні - Ұлттық іріктеудің жартылай финалы, 26 қазан - Астанада, тікелей эфирде финал өтеді.
«Turkvizyon» ән-додасын «TÜRKSOY» түрік мәдениетінің халықаралық ұйымының қолдауымен ТMB TV түрік телеарнасы ұйымдастырып отыр.
«Turkvizyon» – халықтық дауыс берудің әділдігі мен қорытындының ашық болу принціпін таңдаған, саяси, кәсіби қысымнан тәуелсіз бірінші музыкалық байқау. Бұл ешкімге ұқсамайтын, алпыс жылдық тарихы бар «Евровидениеге» көрініс, ауқым, техникалық жабдықталу жағынан есе жібермейтін думан болмақ.
«Turkvizyon» байқауының басты мақсаты мен міндеті: Түркі жұртының мәдени, материалды мұраларын сақтау, дамыту және болашақ ұрпаққа жеткізу үшін түркітілдес халықтар арасында тығыз қарым-қатынас жасау, сонымен қатар түркітілді орындаушыларды қолдау және олардың бейнебаяндарын Түркия мен басқа мемлекеттерде жариялау; Орталық Азия мен Қазақстан музыкасын танымал ету және дамыту; Әлемдік және ТМД музыка нарығында Қазақстан музыкасын дамыту; Мемлекеттің жағымды бейнесін қалыптастыру.
Дайындаған: Жолдас Өрісбаев
Н. Айдархан