Қазақстандық Aldaspan тобы The Spirit оf Tengri-2016 фестивалінде музыкалық жаңа бағдарлама ұсынады.
Музыканттардың айтуынша, жаңа әндер халық композицияларын тәжірибеден өткізу кезінде туындаған. "Қазір біз тың туынды дайындап жатырмыз. Өте терең әсерге бөлейтін фольклорлық ән таңдап алдық. Осыған дейін үнемі авторлық әндер айтып келсек, енді белгілі фольклорлық әндерді айтып көреміз. Өзімізді осы бағытта сынап көргіміз келеді. Тыңдармандарға ұнайды деген ойдамыз", – деді топтың негізін қалаушы Нұржан Тойшы.
"Орындалатын әндердің бірі – "Жарапазан". Бұл ән түрлі нұсқада айтылады, біз өзімізге сәйкес келетінін таңдап алдық. Топ махаббат туралы халық әнін орындайды. Ол да екі нұсқада – "Аридаш" және "Екі Жирен" деген атаумен айтылады. Музыканттар оны рок стиліне ыңғайлап келтірді. Үшінші композиция – "Жорғатай" атты халық әні", – деді музыкант.
"Біз халық назарынан тыс қалып жатқан мәдени бағытты қайта жаңғыртқымыз келеді. Бұл әуендерді жай ғана аспаптармен орындау арқылы халықтың назарын аудара алмайсың. Сондықтан, The Spirit of Tengri заманауи этникалық музыка фестивалі деп аталады. Біз де этникалық музыканы заманауи түрде жеткіземіз", - деді Нұржан Тойшы.
The Spirit of Tengri – әлем елдерінің этникалық дәстүрін қазақ даласында көрсетуге арналған мульти-мәдени жоба. Жоба Tengri FM ұлттық радиостанциясымен құрылған.
Екі күнге созылатын The Spirit of Tengri фестивалі биыл 4-5 маусым күндері Алматыдағы Абай алаңында өтеді. Концерт былтырғыдай open-air форматында болады. Концертке келушілерге кіру тегін. Сахнаға шығатын орындаушылардың толық тізімі жақын арада жарияланады. Шараның бас серіктесі – Kaspi.kz.