Алматы ТМД елдерінің мәдени астанасы жылына орай өткізілген The Spirit of Tengri халықаралық этномәдени фестивалі қатысушыларының аталған іс-шараға ықыласы бөлек. Олардың ретімен шығып өз композицияларының орындауы барысында жалпы фестиваль туралы пікірін білдік.
"Роксонаки" тобының солисті Руслан Кара:
- The Spirit of Tengri фестивалі бұл жыл екінші рет өткізілуде. Бүкіл түркі халықтарының салт-дәстүрімен таныстырып жатыр. Біз, "Роксонаки" тобы, екінші рет те фестивальді ашып жатырмыз. Әрине, бұл біз үшін өте үлкен құрмет. Өткен жылы "Бақсының сарыны" деген композициямен ашқан болатынбыз. Бұл жыл "Бақсының бұлт шақыруы" деген композиция басты әніміз болды. Біз өзіміз шамандық сенімді дәріптемейміз. Бізге дейін жеткен көне жазба жәдігерлеріміздің ұмытылып кетпеуін қалаймыз. Фестивальдің дәстүрлі іс-шараға айналса екен деп тілейміз. Себебі бұл фестиваль көне түркі елдерінің дәстүрлі әндерін қайта жаңғыртуды мақсат етеді.
"Алдаспан" тобының мүшесі, жас сазгер Шамшаддин Омаров:
- Бүгінгі фестивальде "Алдаспан" тобы, өзіміздің жаңа шыққан альбомымыздан "Жол" деген және Кенен Әзірбаевтің "Бозторғайын" орындайтын боламыз. Сосын Мақсат Хасановтың "Түрік Күлтегін" деген иструменталдық шығарма болады. Барлығы жауынгерлік және дәстүрлі бағытта орындалады. Жалпы дайындық қарқыны жоғары деңгейде. Алдыңғы жылғыдан жинаған тәжірибеміз бар. Биыл жақсы өнер көрсетеміз деген ойдамыз.
Болот Байрышев (Алтай):
- Мен осы жылы қазақ еліне жаңа музыка аспабын алып келдім. Оны Қазақстанда "сасырнай" деп атайды. Таулы Алтайда "үңгөрек" дейді. Күллі түркінің ошағы болған Алтай өлкесінен осында халықтың есінен кеткен сасырнайды қайта жаңғыртып, елге табыстау мақсатында келдік. Қазақстан менің жаныма жақын. Әр келген сайын жаңа бір нәрсені алып келемін. Еуразия даласынан ат терлетіп келген әріптестеріммен танысамын, сыр бөлісемін. The Spirit of Tengri фестивалі жақын болашақта әлемдік үрдіс табады деп сеніммен айта аламын.
Фестивальда алғаш рет өнер көрсетіп жатқан "Шарапат" тобы өзінің электродомбыра және электрожетігенімен халықты тамсандырды.
Гүлзада (Қырғызстан):
- Фестивальға қатысушылардың көне түркілік біртектілігі байқалады. Музыка бізді осылай біріктіріп жатыр. Мен өзім жастайымнан қырғыз этномузыкасына мойын бұрып жүрмін. Менің бірінші орындаған композициям "Құрманбек" эпосынан үзінді болатын. Мен оны заманауи рок жанрында орындадым. Ол қырғыз елінің "Манас" жырынан кейінгі үлкен эпос болып саналады. Келесі композиция менің авторлығымдағы ән, "Алыстан" деп аталады. Соңсоң, фольклорлық әндер табысталды. Фестивальдің екінші жыл қонағы болып отырмын.
Чылтыс (Алтай):
- Музыкада фольклорлық сарынның жаңадан қалыптасуы жаһандану үдерісімен тұспа-тұс келеді. Әрқашан адамдар жаңа бір нәрсені көргісі, білгісі келеді. Сол себепті, Бұл фестивальдың болашағы жарқын деп ойлаймын. Әрине, уақыт өз талабын қояды. Мәдени құндылықтарымызды сақтап қалуға да осындай іс-шаралар орасан зор ықпалы тиеді. Айта кетсек, дәстүрлі көмеймен ән айту, ормандағы құстардың дауысын келтіру секілді мәдени мұраларымызды әрі қарай дамытудағы тамаша мүмкіндік болып отыр. Соңғы кездері Еуразия құрлығында этномузыкаға қызығушылық артып келеді. Оған осы секілді бірқатар фестивальдар дәйек бола алады.
Dina Nour, DJ (Германия):
- Мен туып өскен Алматыда бүгін үлкен фестиваль өтіп жатыр. Қатысушылар Сібір, Алтай, Монғолия тіпті Латын Америкасынан келген. Этномузыкамен айналысып жүргеніме бірнеше жылдың төңірегі болды. Германияда, Батыс Еуропаның өзге де елдерінде этномузыканың аясы кеңіріп келетінін өз тәжірибемнен білемін. Берлинде электрлік аспаптар өте дамыған болғандықтан, қызықтырмай қоюы мүмкін емес. Шын мәнінде, бұл өте қызық тәжірибе. Жуырда Берлинде "KazakhBeatPoetry" деген іс-шара ұйымдастырдық. Сонда біз неміс тілінде Мұқағали Мақатаев пен Олжас Сүлейменовтің өлеңдерін неміс қоғамына ұсындық. Немістің рок әншілері қазақ поэзиясының өлеңдерін заманауи музыка жанрына салып орындап жүр. Алдағы уақытта The Spirit of Tengri фестивалі қатысушыларымен бірге Германияға барып өнер көрсетеміз деген үміттемін.
"Yaric Ecuador" тобының солисі Энрике:
- Біз Эквадордан келген фольклорлық топпыз. Арнайы осы фестивальда өнер көрсету үшін келгенбіз. Қазақстанға алғаш рет келіп тұрмыз. Жергілікті халықтың бізді қабылдауы өте жақсы. Біздің музыкалық өнеріміз қазақ халқының көңілінен шықты деген үміттеміз. Одан өзге, қазақ халқының және басқа да түркі халықтардың дәстүрлі әндерін тыңдадық, ұлттық киімдерімен таныс болдық.
Грузин халқының ұлттық әндері мен биі "The Shin" тобының орындауында болды.
"Баба Зула" тобының мүшесі Левент Акман (Түркия):
- Біз фестивальға қатысуға Стамбұл қаласынан келіп тұрмыз. Біздің тіліміз бен діліміз ұқсас. Тарихымыз бір. Кезінде біздің ата-бабаларымыз Кіші Азия түбегіне Орта Азиядан көшкен болатын. Сондықтан қазақ жеріне келіп, туыстық өнерімізді көрсету біз үшін үлкен бақыт. Алдағы уақытта бізді үлкен мәдени тур күтіп тұр. Жапония-Канада-АҚШ-Еуропа елдері. Осындай жоспарлы тәжірибемізді бізге туыс қазақтың жерінен бастағанымыз да бізді қуантады. Біздің жалпы түркі тектес халықтардың ортақ медениеті осындай қарым-қатынаста болуымызға түрткі болады. Ал музыка арқылы өзара қатынас қуаттала түспек.
"Баба Зула" тобының мүшесі Мұрат Ертел:
- "Баба Зула" сөз тіркесі түрік тілінде "үлкен (көне) құпия" дегенді білдіреді. Олай атау беруіміздегі мақсат көнеден бізге сақталып келе жатқан дәстүрлі әндерімізді, яғни көне құпияларымызды халыққа паш ету болып табылады. "Necessary things" (Қажетті заттар) деп аталатын әнді орындамақпыз. Келесі композиция "Young donkey" (ақымақ) деп аталады. Сонымен қатар, біздің текте де шамандық белгілердің қалғаны бар. Сондықтан, көне жазбалардан алынып, жаңа заманның дауысына бапталған әніміз де дайын тұр.
Сонымен қатар, фестиваль алаңында әртүрлі мәдени аксессуарлар естелікке сатып алуға мүмкіндіктер болды.
"Радик Тюлюш" тобы да Алматы кешін одан әрі жандандыра түсті.
Алты алаштің бірі башқұрттың "Арғымақ" тобы бұл өзгеше ұлттық нақышта әрленген киімдерімен сахнаның көркіне айналды.
Ал Саинхоның көмеймен орындалған дәстүрлі әндері алдыңғы жылдың әсерімен фестивальді сағынып жүрген қауымды бір қуантты.
Фестиваль өз мәресіне жетерінде, сахнаның төрі "Намгар" тобына берілді. "Намгар" тобының бұл жылғы ерекшелігі этноәндеріне скрипканың сарыны қосылғандығында екен.
Автор: Жолдас Өрісбаев
Сурет: Ардақ Құлтайдың фоторепортажынан