Массагет порталының тілшілері The Spirit of Tengri этномәдени фестивалінің барысы мен оның әсерін жиналған қауымнан білуге тырысып бақты.
Серік Байназаров, Алматы тұрғыны:
- Мен осы халықаралық фестивальдің болатыны туралы кеше білдім. Алматының ортасында Ұлттық сарынмен заманауи музыкалық әуендерге салғаны мен үшін таңғаларлық жағдай болып отыр. Өз жанұяммен осында үлкен кештік бағдарламаны тамашалауға келдік. Өте қызық, өте қарқынды болып жатыр. Әсіресе, мұхит асып келген Ярик Эквадор тобы маған қатты ұнады. Кезінде үндістер Америкаға Азиядан көшіп өткені тарихтан білгілі. Олардың тілі мен дәстүрлері сан ғасырлар бойы өзгерген болса да, этникалық музыканың үндестігі сақталған екен.
Edward Henschel, жеке кәсіпкер (Швеция):
- Алматыда жеке бизнесімді бастағалы жүрмін. Мына бүгінгі фестиваль жайлы алдын есіткен болатынмын. Youtube-тан қарап қатысушылардың орындауын байқағанмын да. Маған өте таңсық дүние болып отыр. Сондай-ақ, бұл мен үшін қазақ мәдениеті мен тарихын ұғынудағы таптырмас мүмкіндік. Жаңаша музыкалық жанрды құрастырып, көне этникалық музыканы қайта жаңғыртып жатыр екен. Швецияда дәл осындай этномәдени фестиваль болмаса да рок концерттер көптеп ұйымдастырылады. Жалпы бірегей үндестігі бар сияқты. Сөздерін түсінбесем де әсері өте күшті. Қатысушылардың шынайы дауысын тыңдау үшін осында келіп отырмын.
Әсет Камалов, студент:
Бірнеше күн бұрын Алматыға қонақ болып келгенмін. The Spirit of Tengri фестивалінің қатысушылары туралы ақпаратты массагет порталынан оқыған болатынмын. Соған арнайы достарыммен келіп отырмыз. Бүгін фестивальға келгеніме өкінбеймін деп толық айта аламын. Жаңаша әуен бізді қайта ата-бабалар тарихына жетелегендей болып әсер етіп жатыр. Әсіресе Саинхо тобы маған өте ұнады. Оның көмеймен ән салуы бүгінгі күнге дейін сақталғанына таң қалып отырмын. Ұйымдастырушыларға рақмет.
Geraldo Sampson, бизнестриппен Алматыға келген кәсіпкер (ОАР, Кейптаун):
- Алматыға келгеніме енді бір күн болды. Осындай үлкен фестивальге тура келгеніне риза болып отырмын. Жалпы қазақ халқы өте қонақжай екен. Қазақстандық әріптестерім маған жан-жақты қолдау білдіруде. Ал The Spirit of Tengri этномузыкалық фестивалі адамды баулап алатындай сарынға ие екен. Алматыға келгелі бірінші рет осындай концерттік бағдарламаға келіп отырмын. Әр топтың шығуы, олардың композициялары тамаша.
Максим Парманов, дизайнер:
- Мен бұл фестивальді бір жыл күттім. Өткен жылы арнайы осы фесиваль үшін Семейден келген едім. Бұл жыл да жаңа этникалық рокты тыңдауға арнайы келдім. Башқұртыстаннан келген "Арғымақ" тобы рок-н-ролл жанрында ән орындайтын шетелдік "Linkin Park" тобына ұқсайды. Мен шынымды айтсам, қатты толқып тұрмын. Олардың тілін түсіне алмасам да, музыка бізді жақындастырады.
Майкл Жером, ағылшын тілі мұғалімі (Лондон):
Мен British Council дайындық орталығында ағылшын тілін үйретумен айналысамын. Алматыға келгеніме төрт айдың төңірегі болды. Дегенмен мынадай іс-шараны әлі көрмеген болатынмын. Әр-түрлі аксессуарлар сатылып жатыр. Өзіме естелікке бір сөмке сатып алды. Достарым бұл жыл фестиваль ауқымы кеңіргенін айтады. Қоғамдық іс-шараның жиналған қауымға әсері басталмай тұрып-ақ байқалды. Енді бәрі секіріп, бірге әндетуге көшкен. Көп уақытқа есте қалатын әсер алудамын.
Оқи отырыңыз:
Алматыда The Spirit of Tengri фестивалі басталды
Қазақ сахнасына электрожетіген шықты!
Автор: Жолдас Өрісбаев
Сурет: Ардақ Құлтайдың фоторепортажынан