The Spirit of Tengri фестивалі қалай өтіп жатыр?

Алматы қаласында екі күн қатарынан этно-музыканы насихаттайтын The Spirit of Tengri фестивалі өтіп жатыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Алғашқы күні фестиваль қалай өткенін мына сілтемеге өтіп, таныса аласыз. Ал бүгін, яғни 7 маусым күні Алматы қаласында орналасқан Республика сарайында The Spirit of Tengri фестивалі Батырхан Шүкеновке арналған "Отан Ана" әнін орындаумен басталды.

Кенеттен соққан жел нөсер жаңбырға ұласты. Дегенмен концерт тоқтаусыз, ары қарай жалғасуда. Керісінше, табиғаттың этникалық әуенмен үндесуі қатысушыларға да, қонақтарға да ерекше сезім сыйлады.

"Шарапат" тобының продюсері, "Алдаспан" тобының мүшесі Нұржан Тойшы:

"Көңіл-күйіміз мықты. Өзімізді шайқасқа, жекпе-жекке шыққан батырдай сезіндік. Біріншіден, бар өнерімізді паш еткіміз келді. Екіншіден, 11 елден келген қонақтарымыздың алдында абыройымызды жерге түсіргіміз келмеді, намысқа тырыстық! Қатты жел тұрып, жаңбыр жауып кетті. Балалардың бәрі су болды. Адреналин көтерілді. Ойнап жатқанда, темір-терсектерімізді (инструмент - сұхбаттасушының үлгісі) тіреп тұруымызға тура келді. Тіпті кейбір колонкалар істемей қалды. Соған қарамастан ойнап беруге тырыстық".

Расында да нөсерлеп жауған жауын қанша бөгет етсе де, қатысушыларымыз жағдайды бағындырып, өз пайдасына асыруға тырысып, концертті одан әрі қызықты еткені сөзсіз.

Концертті тамашалауға келген қонақ, Арай Хәкімжанқызы:

"Бұл - пайдалы шара. Радик Тюлюш, Башқұрстан елінің топтары мен біздің отандық қатысушылардың өнеріне ризамын".

Этно-рок жанрындағы әуеннің тыңдармандары екі күндік шараны көруге келіп, 11 мемлекеттен келген топтар мен отандық орындаушыларының өнерін тамашалап, ерекше әуезді өлеңге тәнті болғаны сөзсіз.