The Spirit of Tengri фестивалінің DVD және СD жинағы жарық көрді. Алғашқысы биыл жазда Алматыда өткен гала-концерттің толық бейненұсқасы болса, фестиваль қатысушыларының өзге де таңдаулы шығармалары аудиожинаққа еніп отыр.
Қазіргі заманғы этникалық музыканың Алматыда өмірге келген тұңғыш халықаралық фестивалі елімізде Сібір, Саян, Алтай мен Алатаудың арасындағы түбі бір халықтар өнеріне деген қызығушылықты арттырды. Мәдени жобаға қатысқан музыканттар шығармашылығымен әуестенушілердің қатары көбейді. Бірақ The Spirit of Tengri әуендерінің дербес аудио және бейнежинақтары болмаған еді. Продюсерлер тыңдармандар сұранысын дер кезінде ескерді. Енді қазіргі заманғы этникалық музыканың тұңғыш фестивалінің толық бейненұсқасы мен осы бағыттағы композициялардан тұратын альбомды еліміздің музыкалық дүкендерінен табуға болады. Альбом Meloman Grand дүкенінде ресми түрде таныстырылды.
Салтанатты шараға Башқұртстаннан «Арғымақ» этно-рок тобы, Саха елінен әйгілі шаңқобызшы Юлияна, заманауи этникалық музыканың отандық алыбы - «Роксонаки» тобы, электр домбыраны өмірге әкелген «Алдаспан» тобы және The Spirit of Tengri-дің басқа да қазақстандық қатысушылары арнайы келіп, өнерлерін тарту етті. Ал бұдан соң The Guns & Roses барында релизді қолдауға арналған концерт өтті. Бұл жерде де Юлияна мен «Арғымақ» өнер көрсетті.
Башқұрт музыканттары фестивальдің гала-концертінде орындаған халық әндерімен, регги, джаз, ауыр рок сияқты түрлі жанрлармен өңделген авторлық шығармаларымен кешке ерекше әр берді, сондай-ақ, елестер жайлы әйгілі мультфильмнен таныс Ghostbusters және Boney M. тобы орындайтын Rivers of Babylon суперхиттерімен жиналғандарды жақсылап билетті. Ретро әндер орындау кезегі кештің соңына қарай тағы бір арнайы қонақ - жергілікті Roxy Band вокалдық-инструменталдық ансамбліне тиді.
Жан Қастеев, Tengri FM радиосының бас продюсері:
- Жоба радиостансынікі ғана емес, ол - cоның басы-қасында жүрген музыканттардың да жұмысы. Бұл фестивальге қатысқандар арқылы біз мәдениеті, тұрмысы, дәстүрі бір халық екенімізді көрсеткіміз келді. Келешекте осы бағытта қолға алатын жұмыстарымыз көп, түркі тілді халықтар мәдениетінде көп нәрсе ұмытылды, сондықтан қазіргі заманда бұл халықтардың рухани жағынан жақындаса түсуі, қарым-қатынас жасауы көп ақтаңдақтың орнын толтырады деп сенемін. Келер жылы фестивальдің ауқымы кеңейеді, айталық, оған Эквадордан музыканттар қатысқалы отыр. Мұндай мүмкіндік «Алдаспан» тобының жетекшісі Нұржан Тойшының арқасында пайда болды.
Ринат Рамазанов, «Арғымақ» тобының көркемдік жетекшісі, әрі солисі:
- Біз Қазақстанға қуана-қуана келеміз, бізді әрдайым жылы қабылдайды. Қонаққа шақырғанда мәз боламыз. Фестивальді ұйымдастырушыларға рақмет, өз елімізде қонақ шақырғаннан білеміз, бұл - өте ауыр жұмыс. Дискінің шығуы этникалық музыканы дамытуда белгілі бір жұмыстың атқарылғанын білдіреді, ол өткеніміздің, бүгініміздің және келешегіміздің қандай екенін межелеуге мүмкіндік береді. Фестиваль өтті, енді ол ұмытылмайды, ол тарихта осындай жинақ түрінде қалады. The Spirit of Tengri композициялары осы формада әлемдік нарыққа таралады деп ойлаймын. Біз бұл жобаны әрқашан қуанышпен қолдауға әзірміз. Фестиваль ұзақ жасап, ұрпағымызға қалады деп сенемін. Қанымыз бір, ағайын халықпыз, сондықтан жаһандану заманында қазақпен туыстығымызды сақтай бермекпіз.
Жолдаған: Болатбек Мұхтаров
Сурет: автордікі