26 мамырда The Spirit of Tengri фестивалінің екінші концерті өтіп, осымен жетінші рет өткен музыка мерекесі аяқталды. Екі күн бойы 16 елден келген 70 музыкант Алматыны алуан-алуан музыкаға бөледі. Жастар жылы аясында ұйымдастырылған шараның өтуіне Алматы әкімдігі қолдау білдірді.
Биыл фестивальге Қазақстан атынан Ethno5 этно-поп тобы қатысты. 2017 жылы құрылған ұжым домбыра, қобыз, жетіген, сыбызғы, саз сырнай, шаңқобыз, дауылпаз, даңғыра, асатаяқ, шіңкілдек, нар қобыз, үскірік сынды ұлттық аспаптарды заманауи ырғаққа бейімдеп, репертуарын Құрманғазы, Дәулеткерей, Нұрғиса Тілендиевтердің туындыларымен және авторлық әндерімен толықтырып келеді.
"Әрбіріміз үшін бұл үлкен сахна. Алған әсеріміз, концерт атмосферасы керемет. The Spirit of Tengri – әлемдегі айрықша фестиваль және солай болып қала бермек, себебі мұнда әлемдегі үздік музыканттар жиналады", - дейді топ солисі Нұрболат Қыдырбаев.
Абай алаңына жұрт жинала бастады, фестиваль басталмай жатып ерте келгендердің қарасы көп. Көбі жылда қалмай келіп жүрген, этномузыкаға шын берілген тыңдармандар. Арасында халыққа танымал өнер иелері, қоғам қайраткерлері бар. Мысалы этно-фольклорлық "Тұран" тобының мүшесі Абзал Арықбаев – фестивальдің тұрақты қатысушысы.
"The Spirit of Tengri – түрлі музыкантты, түрлі мәдениетті біріктіретін өте қызық фестиваль. "Арғымақ" тобы, Радик Тюлюш, Юлияна Кривошапкина сынды достарым тұрақты қатысады. "Тұран" тобы да қатысар еді, бірақ өкінішке орай біздің формат фестивальге сай емес. Десе де, өзім жетекшілік ететін "Арқайым" тобы 2015 жылы қатысты. Жалпы фестивальде бірегей музыканттар көп, дегенмен болашақта этномузыканы одан әрі кеңейте түссе деймін, өйткені заманауи музыка онсыз да көп", - дейді Абзал Артықбаев.
"Жыл сайын әртістердің деңгейі өсіп келеді. Сонымен бірге Қазақстанда баламасы жоқ шоудың да деңгейі біршама артқан. Аудиторияның да өскенін, Еуропа мен Оңтүстік-Шығыс Азиядан қызығушылық танытып жүргендерді байқауға болады. Мұндай этномузыка фестивалін Қазақстанның өзге аймақтарында ұйымдасытыру жоспарда бар. 5-6 шілде күндері Нұр-Сұлтанда The Spirit of Eurasia өтеді. Тамыз бен қыркүйек айларында жобаны Орал мен Шымкент қалаларында ұйымдастырмақпыз. Біздің өз фан-клубымыз пайда болғанын ерекше айтып өту керек шығар. Олар фестивальге қалмай келіп, топтасып билеп, белсенді қатысады. Атмосфера бәріне ұнайды", - дейді жобаның бас менеджері Сергей Майборода.
Сахнаға келесі болып Мысыр, Иран, АҚШ муыканттарынан тұратын құрама топ, Karavan Sarai шықты. Мультиинструменталист Нараян Сиджан мысырлық уд, түріктің саз аспаптарымен көне вокал әуендерді нақышына келтіріп шырқап сала берді. Ал Сония Очоа әуен ауысқан сайын би киімін бірінен соң бірін ауыстырып, парсы билерін көрсетті.
Фестиваль қонақтары әдеттегідей ерекше, белсенді, көңілді. Жұмыла билеген жұрт қарасы көп.
Бұл – The Spirit of Tengri фестиваліне осымен төртінші жыл қатарынан келген Мұрат Дильманов. Желіде өзінің өткір әлеуметтік карикатураларымен танымал суретші фестивальдің Алматыда пайда болып, үзілмей өтіп келе жатқанына дән риза: "Маған қазіргі фестивальдің деңгейі ұнайды, алып-қосарым жоқ. Осынша халықты бір жерге жинап біріктіріп, ең қызық деген музыканттардың өнерін бір сахнада тоғыстырып жатыр".
Концерт жанданып, қызған шақта сахнаға фестивальдің тұрақты қатысушысы, EZZA тобы шықты. Нигер Республикасы мен Алжирлік музыканттардан құралған ұжым Tuareg музыкасын өңдеп, африкалық ритм, транс, грувты рок мақамына салып орындайды. Әндерінің көбі Нигер Республикасының мәдениетіне арналған.
Қазақстанның ArsenSuperfly, Нариман Исенов, Slava OMG, Алена Лобастова сияқты диджейлері фестивальдің қатысушылары ауысып, дайын болғанша электрондық музыка топтамасын тарту етті.
Келесі қатысушы топ – тувалық Khoomei Beat. Тувалық көмеймен ән салу өнерінің жаңаша құбылтып жүрген топ эскпрессив рок пен жеңіл поп музыканы ұштасырып этномузыканың ерекше үлгісін көрсетті.
"Біз бәріміз көшпенді халық болған соң, ортақ дүниеміз көп. Фестиваль атмсоферасы ғаламат. Былтыр Нұр-Сұлтанда болдық, биыл Алматыдамыз. Бізді жақсы қарсы алды. Қазақстандықтар мен ұйымдастырушыларға алғысымыз шексіз", - дейді топ музыканттары.
Бұл – игил аспабы, тувалық виолончель. Айдын Седии аспапты тарта-тарта ысқы жіптерінің жартысын үзіп тастады. Мұндай көріністі әдетте ырғағы жылдам қуатты әндерге сүйемелдеп, виоленчельде жұлқынып, ерекше шабытпен ойнайтын музыканттардан байқауға болады.
Khoomei Beat Алматы жұртына ерекше ұнады. Тыңдарман ықыласын білдіріп, нағыз этномузыкаға қанық болғанын айтты. Мысалы графикалық дизайнер Тілек Ырысбек.
"Фестивальге бесінші рет келіп отырмын. Менің шығармашылығыма көмектесетін, өзім қалмай келетін бірден-бір концерт осы The Spirit of Tengri. Маған барлық топ ұнайды, әсересе түркі халықтарының музыкасын ұнатамын, соның ішінде көмеймен, кеңірдекпен айтатын әуендерге ықыласым ерекше. Тәңір рухы деп аталатын бұл фестиваль – көне түркі халықтарының қазіргі ұрпағының ішкі әлемін біріктіретін жоба. Болашақта фестивальде қытайдағы қандастарымыз Mamer, Tengri, моңғолдық The HU, қазақстандық "Тұран", "Хассақ" топтарын көргім келеді. Өнерде шекара жоқ, концерт атмосферасы тамаша, ұйымдастырушыларға тілерім – тоқтап қалмау", - дейді Тілек Ырысбек.
The Spirit of Tengri-дің тағы бір тұрақты қатысушысы – Ғалымжан Оразымбет.
"Қазақстандағы ұнайтын фестивалім осы – The Spirit of Tengri. Биыл үшінші рет келіп жатырмын. Жібермеуге тырысамын. Жылда тувалық Huun-Huur-Tu, Ішкі Моңғолияның Hanggai тобының қатысып, өнер көрсеткенін күтемін және Моңғолия, Бурятия, Саха сияқты елдердің электроникасыз, табиғи аспапта ойнайтын музыканттарын көп көргім келеді. Былтырдан бері еуропалық, африкалық топтар қатысып жүр, шыны керек, көңілімнен шықпайды. Маған көбіне көмеймен ән шырқайтын шығыстық стиль ұнайды", - дейді Ғалымжан Оразымбет.
Концерт аяқталар тұста сахнаға грузиялық GeoTRAIN және әзербайжандық Natig Rhythm Group топтары өнер көрсетті.
Ал RAGHU DIXIT PROJECT атты үндістандық ұжым концертті әдемі қорытындылады. Топ өнер көрсеткенде Абай алаңындағы жұрт музыканттармен симбиоз жасап, ерекше белсеніп кетті.
Мәдениет тоғысы, профессионал музыканттар, жылда қалмай келетін көрермен, дәстүрге айналған фестиваль, Алматыға жаздың келгенін сездіретін жағымды мамыражай атмосфера да осымен кезекті рет аяқталды. Үйге қайтқан көрермендерге назар аударсақ, көздерінде фестивальдің тез аяқталғанына қапа болған бір мұң бар. Бірақ концерт берген энергия бір жылға азық болары сөзсіз.