«Көптеген мейрам мен іс-шарадан The Spirit of Tengrі фестивалі өзгешеленіп тұр. Бұл – тамыры тереңге кеткен фестивальдердің алғашқысы»,- дейді аталған фестивальге қатарынан екінші жыл қолдау көрсетіп отырған «Global Building Contract» ЖШС Бақылау кеңесінің төрағасы Мұхит Әзірбаев.
Мұхит Әзірбаевтің сөзінше, «тек Қазақстан ғана емес, бірнеше мемлекет қатысатын фестивальде естілген музыканы басқа жерден есту мүмкін емес».
Биылғы жылы The Spirit of Tengrі фестиваліне отандық «Роксонаки», «Алдаспан», «Шарапат» топтарымен қатар, «Baba Zula» түрік тобы, «The-Shin» грузин тобы, Эквадордан келген Yaric-Ecuador ұжымы, башқұртстандық «Арғымақ», бурятиялық «Намгар», Қырғызстан әншісі Gulzada, тывалық Саинхо Намчылак, Таулы Шориядан келген Чылтыс, «Белуха Jam» тобы мен алтайлық әнші Болот Байрышев, тувин көмей әнінің орындаушысы Радик Тюлюш қатысады.
Мұхит Әзірбаев:
– Өткен жылы The Spirit of Tengri фестиваліне алғашқылардың бірі болып қолдау көрсеттік. Біз фестивальді осы жылы да, одан әрі де қолдауға дайынбыз. Өйткені фестиваль тарихқа үңілуге мүмкіндік беріп отыр. The Spirit of Tengri өз тамырыңды тану мен тарихыңнан хабар алудың таптырмас алаңына айналды.
Естеріңізге сала кетейік, Алматы қаласы әкімінің қолдауымен өтетін The Spirit of Tengri фестивалі 7 маусымда сағат 17:00-де Алматыдағы Республика сарайының алдында басталады. Фестивальдің бас демеушісі – Kaspi Bank.
Автор: Мейіргүл Оңғарова
Сурет: Мейіргүл Оңғарова, www.facebook.com/TheSpiritOfTengri